Бүркітбай АЯҒАН
тарих ғылымдарының докторы,
профессор
КӨРІКТІ ӨЛКЕ ТУРАЛЫ КӨРКЕМ ДҮНИЕ
Көрнекті прозашы, эссеист Әлібек Асқаров - қалың оқырманға кеңінен таныс жазушы, туған әдебиетіміздің бүгінгі бет-бейнесін айқындап жүрген қабырғалы қаламгеріміздің бірі.
Ол даңғаза шу мен дарақы мақтанды бойына дарытпайтын текті де киелі өнер - әдебиет өлкесінің дарынды перзенті. Әлібек Асқаров өз кейіпкерінің тыныс-тіршілігін жүрегінің лүпілімен, қан тамырының бүлкілімен түйсіне отырып жазып жүр. Оның туындылары бояуы қанық, әсерлі де жатық, жан дүниеңді баурап алар бір тылсым дүние болып келетіні де сондықтан.
Еліміздің шығысындағы өрнегі өзгеше Катонқарағай өңірінің көркем сөз шеберлері Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев сынды от ауызды, орақ тілді жазушылардың ізбасары Әлібек Асқаровтың таза шығармашылыққа бой ұруы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Оның «Тайга толғауы», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері» секілді көркем туындыларында қаламгер табиғаттың небір ғажап суреттерін салды, ел тағдырының жер тағдырымен ажырағысыз байланыста екенін парасатпен пайымдатты. Сөйтіп, жазушы қаламынан сан ұрпаққа рухани азық болар шығармалар туып, оқырманға жол тартты.
Жазушының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық көрген «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» туындысын ғалымдар «әдебиетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы шоқтықты шығармасы» деп бағалағаны белгілі. 10 томдық Қазақ әдебиетінің тарихы - «Эпикалық кең тынысты, лирикалық сыршыл бұл дүние роман жанрына жатады» деп шығарманың болмысын да айқындап берді. Қысқасы, әдебиетіміздің абызы академик Серік Қирабаев ағамызға дейін «Ғажайып лирикалық хикаят» деп тамсанған бұл шығарманың арқауы - Алтайды жайлаған қазақ ауылының өмірі, сол ауыл тұрғындарының мінез-құлығы, күрделі болмысы. Әр ауылдың өзгеше тағдыры, өзіндік тарихы болғанымен - қазақ ауылдарының жалпы тіршілік-тынысы, рухы бір-біріне ұқсас келетіндіктен, шығарманы оқи отырып, әр қазақ өз ауылын таниды. Елдік дәстүрдің, қазақы қасиет пен имандылықтың мөлдір бастауы ауыл екенін тағы бір түйсінеді.
Көзі қарақты оқырман ішінде «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Бүгінгі қарапайым ауыл өмірін, тұрғындардың бастан кешкен оқиғаларын оқырман үшін соншалықты тартымды, қызықты етіп баяндаған мұндай туындылар аз. Шығарма желісі үнемі әдемі әзілмен өріліп отырады, сөйтіп оқырманын әсте жалықтырмайды, ауыл тұрмысы боямасыз шындықпен бейнеленген.
Дүниеден ертерек өткен талантты жазушы Оралхан Бөкей: «Асықпайды. Баппен жазады. Он өлшеп, бір кеседі. Білімділігін айғайлап көрсетпейді. Әдепті жазады. Өз орнын біледі. Түбінде бәрінен осы Әлібек озады» - деп Әлібектің ертеңіне болжам жасап кетіпті.
Қазіргі біздер қаламгер ағамыз айтқан сол сөздің куәсі болып отырмыз. Әлекең бүгінгі биігіне екпіндемей, асықпай, өз жолымен сырбаз басып келген төл әдебиетіміздің салмақты сарбазының бірі.
***
Жуықта жазушының түрлі-түсті суреттермен көркемделген жаңа кітабымен де танысудың жөні түсті. Оқып шыққаннан кейін, біз бұл шығарманы да қаламгердің құнды еңбегінің бірі деп қабылдадық.
Кітап «Алтай. Алтын бесік, ата жұрт» деп аталады. Тарихи-танымдық тұрғыдағы сафари жанрындағы жазбалар. Айтары қомақты, танымдық мәні биік, ауқымы жан-жақты, кең тынысты еңбек. Әдебиетімізге сирек келетін сұлу да сүбелі туынды.
Кітап негізінен Қазақстанның қиыр шығысында жатқан, Алтай тауларының оңтүстік-батыс бөлігінен орын тепкен Катонқарағай жерінің тамылжыған табиғаты жайын баян етеді. Қара сөздің қас шебері, жазушы Қалихан Ысқақовтың сөзімен айтқанда «қысы ұзақ, жазы жаңбырлы демесең, орман да сонда, отын да сонда, су да сонда, ну да сонда, шалғынына түйе түсіп кетсе көрінбейтін, бөктерін бұғы, биігін тағы жайлаған табиғаты ғажайып өлке» туралы.
Әлекең еңбегіне арқау болған Алтай туралы қазақтың жыр тұлпарларының бірі Ғафу Қайырбеков:
«Ардағым Алтай, даламның асқан төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен.
Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан түскен жер екен» – деп ерекше тебіренгені белгілі.
Ал өзі Сырдың бойында туып өсіп, 1945 жылы немістердің тұтқынында қаза болған ақын Мәжит Айтбаев алыста жүріп, Алтайдың сұлу көркін былай деп аңсайды:
«Алтайдың аты сұлу, қалпы сұлу,
Алтайдың заты сұлу, салты сұлу.
Алтайдың аспан сүйген асқарында,
Алаңсыз астам өскен халқы сұлу...
Әй, Алтай, әттең Алтай, көркем Алтай,
Кір жуып, кіндік кескен өлкем Алтай.
Армансыз бұл дүниеден өтер едім,
Бір иіскеп топырағыңды өлсем, Алтай!»
Қазақтар «жер жәннаты», орыстар Беловодье (жерұйық), үндістер Шамбала (Жердегі жұмақ мекен) деп атап кеткен Алтайдағы Катонқарағай өңірінде болу, көзбен көріп, табиғатын тамашалау бақыты маған да бұйырды.
Расы солай екен... Өлкенің ғажайып сұлу көркі, сыңсыған қара орманы мен гүлге бөккен жасыл шалғыны, басын бұлтқа аймалатқан айбарлы шыңдары көрген жанның көзін арбайды. Бұл өлкенің кімге де болсын ұмытпас әсер қалдыратыны сөзсіз.
Әлекең де кітабына осындай суреттерді сөзбен салуға тырысыпты. Алтайдың ақ басты асқар таулары, төбесі көк тіреген Мұзтауы, ақ көбігі аспанға шапшыған Көккөл су құламасы, көз жауын алған жазиралы Шабанбай жайлауы, тауды тіліп, тасты бұзып аққан асау өзендері, балығы тайдай тулаған айна көлдері, ит тұмсығы өтпес қалың орманы, масатыдай құлпырған жасыл белдері, емдік шөптері мен аң-құстары, омарташылық пен марал шаруашылығы жайын талмай жырлап шыққан.
Осы көрікті де бай өлке Кеңес өкіметі жылдарында, басқаны былай қойып Қазақстанның, тіпті осы облыстың өзіндегі көпшілікке белгісіз болып келді. Ол заманда Катонқарағай жері қазақстандықтар үшін бейтаныс қалпында қала берді. Оның үстіне шекаралық өңір саналып, арнайы рұхсатнама болмаса аттап бастырмады. Былайғы халық сол себепті де бұл өлкеге батылдық жасап бара бермейтін. Катонқарағай өңірінің кербез сұлулығы, ғажайып көркі сол Катонқарағайдың жергілікті жұрты үшін де айтақаларлықтай қызмет етпеді. Бұл жақты біздің де біліп жүргеніміз кейінгі он бес-жиырма жылдың ішінде ғой... Төлеген Рақымжанов, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақов, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров, Қайырды Назырбаев сынды талантты ақын - жазушыларымыздың шығармаларын оқыдық. Соның арқасында бұл ғажап өлкені енді ғана дұрыстап тани бастағандаймыз.
Осы кітапты оқып отырып маған мынадай ойлар келді:
- Автор кітабында тарихи шындыққа көз жеткізу үшін деректерді қара жердің қатпарынан, ежелгі хасақ-түркі халықтары мекендеген жер-су атауларынан, аңыз-әпсанадан, тәңірлік дінімізден, тамыры терең тілімізден іздейді. Сондықтан шығарманың тілі жатық, ойы өрімді, оқиға желісі нанымды баяндалады. Яғни, қазіргі таңда аймақтық компонентті білім саласына енгізу - өзекті мәселе болып табылатынын ескерсек, бұл еңбекті мектеп пен колледж оқушыларына, жоғарғы оқу орындары студенттеріне қосымша материал ретінде ұсыну қажет. Біздің Мемлекет тарихы институты дайындаған «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» оқулығында Әлекеңнің еңбектері пайдаланылды және қажет әдебиеттер тізіміне енгізіліп, қалың оқушыға ұсынылды.
- Қазақтың әдемі көркем тілімен жазылған бұл еңбек - әдебиетші, тілші мамандар үшін өте қажет әрі пайдалы дүние. Осы еңбектің негізінде әр түрлі қосымша материалдар жасап, оқу үрдісінде пайдалануға әбден болар еді.
- Кітаптан Катонқарағай өңірі жер-су аттары, олардың өзгеру тарихы туралы да біршама мәлімет алуға болады. Ол қазақтың байырғы жер-су аттарын қалпына келтіру үшін ономастика саласы мамандарына да қажет.
- Бүгінгі күні көрерменге жол тауып жатқан кинофильмдердің біразының сын көтермей отырғанын ескерсек, Әлібек Асқаров шығармаларының желісі өзекті мәселелерді арқау ететін бірнеше көркем фильмге негіз бола алады. Мысалы: Кеңестік одақтан кейінгі қазақ ауылының келбеті, аласапыран шақтағы ауыл тұрғындарының қайшылыққа толы тіршілік-тынысы; соғыс жылдары ашылған Көккөл кеніші, сол жылдардағы танктердің броні үшін вольфрам қазған шахтерлардың адам төзгісіз қиын тұрмысы... Тасқорымды асудыңүстінде, қысы – жазы боран ұлып тұратын желдіңөтінде, үш мың метр биіктікте біздіңәкелеріміз бен аналарымыз қолмен кен қазыпты. Бұдан артық қандай драма керек!
- Еуропа елдері, оның ішінде Түркия, Франция, Италия, басқа да мемлекеттер туризм арқылы бюджетке жүздеген миллион қаржы түсіретінін ескерсек, туризмді дамытуда Қазақстанның келешегі мол және сондай тартымды өлкенің бірі Шығыс Қазақстан облысы болып табылады. Мұнда туристерді қызықтыратын керемет ландшафттар, Берел мен Шілікті секілді баға жетпес мәдени және тарихи ескерткіштер бар. Абай мен Шәкәрім кесенесі, Мұхтар Әуезовтың туған жері де осында. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазары, Марқакөл ұлттық саябағы, Қазақстандағы ең үлкен - Көккөл су құламасы, басы мәңгі қар Мұзтау, «Көгілдір шығанақ» демалыс айлағы мен «Рахман Арасаны» сауықтыру кешені, қысқасы осылай жалғаса береді. Алтайдың табиғаты тамылжыған өңірінде, оның ішінде Катонқарағай ауданында туризм кластерін құрып дамытар болса – елімізге кереметтей пайда келтірер еді деп ойлаймын.
Көркем суретті, әсем безендірілген бұл кітапты келешекте туризм саласында да кеңінен пайдалануға болары даусыз.
***
Алтайдың алыс түкпіріне тығылған Ұра атты қарапайым ауылдан шыққан Әлібек бүгінде бүкіл республикаға танымал үлкен азамат. Ол қазақ халқының маңдайы жарқыраған асыл ұлдарының қатарында.
Сондай-ақ, Әлібек Асқаров – қоғам қайраткері де. Ол туған еліміз алғаш тәуелсіздігін алған жылдары өз талабымен, талантымен саясат сахнасына келіп қосылған жаңа буын қайраткерлермен бірге қанаттас, қызметтес болды. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Марат Тәжин, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әлихан Бәйменов, Сауытбек Абдрахманов сынды мықты азаматтар қатарында бірге шыңдалды. Бүгінгі қазақ елі Әлекеңді талантты жазушы ғана емес, сырбаз саясатшы ретінде де жақсы таниды.
Әлібек Асқаров - кәсіби баспагер, баспа саласының майталман маманы. Ол тәуелсіз еліміздің баспа ісі мен полиграфия өндірісінің қалыптасуының басында тұрды, ұзақ жылдар бойы осы салаға білікті басшылық жасады. Қазақстандағы кітап шығару ісін жаңа арнаға түсірді. Полиграфия өндірісін нарық жағдайына қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады, қиын жылдары сала мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді, ұйымдастырды, аянбай еңбек етті. Кейіннен Әлекеңнің бастамасымен Қазақстан тарихына байланысты құнды кітаптар сериясы, қазақ әдебиетінің алтын қорына жататын шығармалар топтамасы, қазақ фольклорының томдықтары жарық көрді. Ұлттық әдебиетіміздің алыптары Абай, Жамбыл, Әуезов шығармаларын шет ел тілдеріне аударылуына, олардың сол жақта бастырып таратылуына белсене атсалысты.
Әлібек Асқаров - дарынды перзент, қайталанбас тұлға. Катонқарағай жерінің кемел ойлы, көш бастаған ұлдарының бірі. Бұл өңірдің өткені - аңыз, бүгіні – берекелі, болашағы - жарқын. Атадан қалған ұлағат, ағадан жеткен үлгі жас буынға әрдайым ғибрат болып жалғасып келеді. Олай болса біз автордан алдағы уақта да сан ұрпаққа рухани азық болар биік тұғырлы, ұзақ ғұмырлы туындылар күтуіміз заңды.
Меніңше, Әлекең мына кітабы арқылы Алтайдың сұлу табиғаты аясына өзі ғана барып, өзі ғана аунап - қунап қайтқан жоқ, оқырман жұртшылықты да бірге алып барғандай болып отыр.
«Алтай.Алтын бесік ата жұртты» қолына алып оқыған кімнің болмасын санасында осындай бір әдемі әсер қалады.
Астанада өткен «Алтай.Алтын бесік ата жұрт»
кітабының тұсаукесерінде жасаған баяндама.