Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Думан Рамазан

Думан Рамазан

23 сентябрь 2018, Воскресенье
1 507
0

Думан Рамазан,

жазушы, Халықаралық «Алаш» 

сыйлығының лауреаты


МҰНАР ТАУДЫҢ  МУЗАСЫ


Талантты қаламгер Әлібек Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» атты жаңа кітабын қызыға, құмыға оқып шықтым. 

Оқып шықтым да бір ауыз пікір білдіруді өзіме парыз санадым. Себебі, осы кітапқа алғысөз жазған сөз зергері Қалихан Ысқақ атап көрсеткендей, «Көрнекті жазушы һәм маман суретші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровтың бұл кітабы қазып оқығанға көп мағлұмат беретін, бір өңірдің кейінгі бір ғасырдағы тарихымен таныстыратын дерекке толы маңызды туынды. Төр Алтайды бұрын да өзінің көркем шығармаларының мәйегіне айналдырып жүрген жазушы бұл жолы жазушылық өнерден гөрі, Атамекен алдындағы өзінің азаматтық борышын алға салған көрінеді. Қаратай елін қамалдай қоршап жатқан ұлы таудың үш медиенін автор бекерге алып отырған жоқ: Көккөл, Шындығатай, Мұзтау — бұлар қазақ дейтін жұрттың шығыстағы үш тіреуі, үш тірегі десек те болады...Төр Алтайдың қасиеті де, қасіреті де осы кітаптың ішінде. Автор көргенін ғана емес, көкейіндегісін де қоса өріп, оқушының сезіміне, зердесіне тастап отыр».

Қалихан ағамыз айтса айтқандай, «Төр Алтайдың қасиеті де, қасіреті де осы кітаптың ішінде» екеніне біздің де көзіміз анық жетті. 

Жазушы Алтай өңірінің бүгінгісін ғана емес, кешегісін де ой елегінен өткізіп, оқырманға кестелі тілмен әдемі ғып айта білген. Бұл кітап сапарнама түрінде жазылғанымен, көркем шығарма сияқты оқылады. Қызғылықты, тартымды. Көркем әдебиетке тән көркемдік әдіс-тәсілдерді өз шығармасында орынды қолдана білген. Өз орнымен пайдаланған.

Кітап үш бөлімнен тұрады. 

«Көккөл» атты алғашқы бөлімде автор өзінің бір топ жора-жолдастарымен Көккөлге барған сапары жайында баян етеді. Шығарманың көркемдік қуаты өз алдына, бұнда жан бар. Жанды туынды. Көбінесе бұндай жолжазбалар қасаң қағидамен бір қалыпта жазылады. Қаламгер сол қалыптан саналы түрде шыққан. Шыға алған. 

Жалпы, Әлібек Асқаровтың жазу мәнерінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңба бар,  өзіне ғана тән  стилі бар жазушы. Ол осы сапарнаманың өзінен-ақ анық аңғарылады. Артық-ауыс сөз, басы артық сөйлем - мүлдем жоқ. Құрғақ баяндау мен көпсөзділіктен ада. Суреткерлік шабытпен жазылған. Суреттілікке баса мән берген. Мәселен мына бір сөйлемдерді оқып керелікші: «Сытыр-сытыр от жанып жатыр, алаулаған жалын тілі жігіттердің жүзінде ойнайды. Әріректен Ақбұлқақтың бір қалыпты сарыны сырылдайды. Түстіктегі шұбарланған самырсын басы баяу желмен қосылып ол да бір сарынды саз шығарады. Үй сыртындағы түп тобылғы жақтан тарғақтың тарғыл даусы естілді. Түнгі сағым астарында мұнартқан жоғарыдағы жазық беткейден байғыздың зарлы үні талып жетті».

Нағыз қаламгердің ғана қолынан келетін суреткерлік қой бұл. Деректі туынды түгілі, кейбір мықты-ау дейтін жазушылардың көркем шығармаларынан табыла бермейтін көркемдік, суреткерлік.

Жазушының  сөзбен сурет салған жазу шеберлігіне тәнті боласыз. Сытыр-сытыр жанып жатқан от, алаулаған жалын тілі көз алдыңызға келеді, Ақбұлқақтың бір қалыпты сарыны, тарғақтың тарғыл даусы, байғыздың зарлы үні, бәрі-бәрі құлағыңызға естілгендей болады.

Шығармада мұндай суреттеулер көп. Олардың бәрі де  шығарманың  көркемдік қуаты күшті екенінің, жазушының жазу шеберлігінің мықты екенінің айқын көрінісі. Бұлтартпас дәлелі.

Ал «осы кітаптың маңыздылығы неде?» деген сауалға жауап іздестірсек, ол — кіндік қаны тамған туған жерге деген сүйіспеншілік, туған елге деген сағыныш, туған ауылға деген құрмет дер едік. 

Бұл туралы жазушының өзі де кітапта былайша ағынан жарылады: «Жер ортасы жасқа келдік, кейде жүрекке жылу, көңілге қанағат іздегендей алаңдауды шығардық. Сондайда бодаусыз тірлік, боданды қызметіңе емес, айналайын елден әліге шейін кіндігіңді үзбегеніңе іштей тәуба етіп, көңілді жебейді екенсің. Жебеп қана қоймайсың, соған марқаясың, соны малданасың».

Жөргек жуған туған жерден кіндігіңді үзбеу де азаматтықтың белгісі. Көбіміздің туған ауылдан ұзап шыға бере ұмытып кететініміз де жасырын емес. Барыс-келісті шорт үзіп, қарым-қатынасты тарс тиып, өзі болған қыздай танымай кететіндер қаншама. Ал жазушы Әлібек Асқаров жыл сайын туған жерге арнайы ат шалдырып, барып тұрған. Жай ғана барып қайтпаған. Сол сапарларын қызықты етіп қағазға түсірген. Туған өлкесінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін жалпы қауымға таныстыруды мақсат тұтқан. Сол мақсаты орындалған да. 

Кітаптың «Шындығатай» деп аталатын екінші бөлімінде қаламгер былайша тебіренеді. «Шүкіршілік, ел жаққа биыл да барып қайтқанбыз. Ел деп отырғаным тағы да сол баяғы ауыл — қазақ сахарасының қиыр шығысындағы Қатонқарағай ауданы, ақөркеш Бұқтырманың науа тәріздес кең қолтығын қуалай жайлаған Қаратай елі. Бейнелі тілмен айтқанда, үйрек үшып қаз қонған сулы мекен, ағашынан бал, шөбінен сүт ағылған нулы мекен. Адырында арқар көп, адамында дархан көп шулы мекен. Бабаларға шүйгін бел, шұрайлы қоныс болған Өр Алтайың — осы. Қазақ қана емес, жалғанның жарымына жайылған алты алаштың алтын бесігі, кіндік жұрты саналған Алтай».

Бабаларға шұрайлы қоныс болған Өр Алтайдың осындай әсем табиғаты мен құпиялы шежіресін көркем тілмен кестелей отырып, автор ауыл адамдарының талайлы ғұмырларын да әңгіме өзегіне айналдырған. Кітапты оқып отырып қилы-қилы адамдар тағдырына куә боласың. Күрсінесің... Қабағыңды мұң торлайды... Кей тұстарда қуанасың... Кейде өзіңнен-өзің күліп жібересің... Әсіресе, жазушының өз өміріне қатысты әңгімелері сондай қызықты. Қызғылықты. Тартымды. Оқырманды жалықтырмайды, зеріктірмейді, қайта желпіндіріп, серпілтіп отырады. Стилі жақсы.

Кітаптың үшінші бөлімі «Мұзтау» деп аталады. Атының өзі айтып тұрғандай,  мұнда автор Мұзтауға барған сапары жайында баяндайды.

Мұзтаудың атына қанық болғанымызбен, ол туралы көп нәрсе бізге жұмбақ болатын. Сол жұмбақтың шешімін осы кітап шешіп бергендей болды.

Автор Мұзтауға барған сапарын құрғақ баяндап қоя салмайды, оның түп-тарихын тереңнен   қозғап, әңгімені кеңінен толғайды. «Мұзтау» атауы ежелгінің әдеби ескерткіші «Оғызнама» эпосында жырланған екен» дегеннен бастап, «Мұзтау»  — Алтай тауларының ең биік нүктесі екенін, Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан Мұзтаудың басы мен етегі мәңгі қар, алуан түрлі мұздықтар барын дерек-дәйектемелер арқылы ұсынып,  сапарнаманың құнын арттырып, мәнін ашып, мазмұнын нәрлендіріп береді.

«Шеберлік — шексіз!» десек те, Әлібек Асқаровтың жазу шеберлігіне тәнті болмасқа әддіңіз жоқ. Кітапты оқып отырып, автормен бірге сіз де сапарға шығып, Көккөл мен Шындығатайға барып, Мұзтаудың шыңына шығып қайтқандай әсерге бөленесіз. Сапарлаушылармен бірге Төр Алтайдың тауын кезіп, тасын басып, суын ішіп келгендей боласыз. Бірге қобалжисыз... Бірге жүрексінесіз... Бірге қуанасыз. Бұл да шеберлікке байланысты. Жазушының жазу шеберлігіне. 

Біз де сол сапарларда жазушымен бірге болып қайтқандай, бәріне де өз көзімізбен куә болғандай әсерге бөлендік.

Сөз соңында түйіндей айтарымыз, Ә.Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» атты осынау кітабы өз ерекшелігімен жалпы қауымды  елең еткізетін, алты алашқа құтты қоныс болған шежірелі Алтай өңірі туралы білетінімізді толықтыра түсетін, жаңалығы мол құнды еңбек.


«Қазақ әдебиеті» газеті.




Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР
05 август 2018, Воскресенье
ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры