Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ

23 сентябрь 2018, Воскресенье
2 018
0

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,

жазушы


МАХАББАТ ПЕН САҒЫНЫШ ХИКАЯТТАРЫ


Көрпесі төрт мемлекеттің төскейін көмкеріп жатқан кәрі Алтайды көрген де арманда, көрмеген де арманда. 

Көргендердің арманда болатыны -  қалған ғүмырында сол Алтайды мәңгіге сағынып, түсінде көріп, ереуіл күй кешіп өтеді.

Алтай туралы көп айтылған да, көп жазылған да. Қазақтың қара тасты иітетін қара сөзінің хас шеберлері Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкейлер таңғы сәресісін «Алтай» деп ашып, аһ ұрып, түсінде де Алтаймен арыздасып жататындары әмбеге аян. 

Аса сыршыл көбелек қанатының суылын, тасының әуенін, жапырағының жыбырын, балдырғанының бал тілін қалт еткізбей ұғатын үкілеген ақыны Ақтан Нурбаев та Алтайын жырлап тауыса алмай, теңеулері мен эпитеттерін сарқып барып көз жүмған. Ақтан, Қалихан, Оралхандардың қаламы бәрін қамтып суреттей алмай қан түкірген абат та жұмбақ Алтайды бабына келтіріп балбыратамын деу бос әуре шығар, тырақы тыраштану, көтерем көк бестіні басқа-көзге бекер қамшылап, зорықтыру шығар деп... мүлдем жылы жауып қойғанбыз.

Жо-жоқ, айтуға болады екен. Айтқанда да Әлібек Асқаров сияқты айту керек екен.

Әсілі, оқырман қауымның жазушы не журналистің қаламынан туған суреттеулерге «көркем шығарма» немесе «деректі шығарма» деп бөле қарауы заңды құбылыс. Көркем шығармалардың басым бөлігін жазушы фантазия-сының жемісі деп қабылдап, деректі шығармалардан шұқшиып шындық іздейді. Онысын табады да. Әрі оған имандай ұйып сенеді.

Міне, Әлібек Асқаровтың жоғарыдағы атаумен шыққан көркем очерктер жинағынан ең алдымен сол ақиқатты таптық.

Кітап үш бөлімнен тұрады: «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау». 

Үшеуі де Алтайдың еншісін бөліп алмаған үш ұлы іспеттес ғаламаттары. Басқаша айтар болсақ, Мұзтау - Алтайдың тәжі, Көккөл – көйлегі, Шындығатай - көксауыр етігі.

Мен ойлаймын, Әлібек Асқаров сынды әрі жазушы, әрі қылқалам шебері, әрі қоғам қайраткерін атағынан ат үркетін Мұзтау мен Көккөлге сүйреген, ынтықтырған екі түрлі жағдаят, екі түрлі мұрат болуы мүмкін деп.

Біріншісі: Қалағаң мен Орекеңнің арманы болған асқақ шыңдарды өз көзімен көру, солар үшін тәу ету, солардың сәлемін жеткізу, тағы да... Алтай тәңірісіне мұңы мен шерін ақтару.

Екіншісі: туған жерінің тау-тасына деген алапат үлкен махаббат пен сағыныш. Ал, очерктер жинағын оқып шыққан соң Әлекеңнің қолтоқпақтай денесіне осыншама махаббат пен сағыныш қалайша сыйып жүргеніне таң қалмасқа лажыңыз жоқ.

Қысқасы, Әлібек жанартаудай атылған, көкірегі мен  үлкен жүрегіне жинақталған сан жылғы мұңы мен шері, сүйініші мен күйініші, шығармашылық потенциалы анау дарақтардан аса күшті қуат алып, лақ етіп төгілген. Төгілген де... аса сирек қайталанар, төрт аяғы тағалы тамаша шығарма туғызған.


* * *

Үш очерктің үшеуі де жолсапар хикаяттары. 

Астатөк махаббат пен сал қылатын сағынышқа шүпілдей толған хикаяттар. 

Ғұмырымда сандаған жолсапар жазбаларын оқып едім, алайда дәл осындай - иіріміне тартып бұқтырып әкететін, соңғы нүктесіне дейін бас алдырмайтын, аяқталған соң: «Әттеген-ай, бітіп қалғанын қарашы!» деп жалын түкіртетін шығарманы кезіктіргенім сирек.

Жолсапар барысында түсірілген суреттер қандай! Баспасөз төңірегінде жүрген кәсіби фототілшілердің өзі үлгі алатын-ақ дүниелер.

Әлібек Асқаров «Көккөл» очеркі арқылы XX ғасырдағы Кеңестік дәуір идеологиясы құрбандарына МӘҢГІЛІК ЕСКЕРТКІШ тұрғызыпты.

Көккөл - XX ғасыр трагедиясы. 

Соғыс алдында (1938 жылы) вольфрам, молибден шығарған, Алтайдың тағылар ғана мекен еткен қиянындағы құлазыған мекен. Қазір әдірем қалған. Очерктен Көккөлдің дәл өзіндей қатыгездік пен қасірет, таусылмас мұң мен шер, Көккөлдің дәл өзіндей тырдай жалаңаш үскірік үреді. Тым-тым ащы, тым-тым үрейлі. Табиғат пен оның бір бөлшегі - адамдар арасындағы қатал да сұрқай қарым-қатынасқа жаныңыз шырқырай егіледі. Көккөлдің Төменгі лагеріндегі сүйегі шашылып қалған қайран ағаларымыз бен апаларымыз оқыс тіріліп кетіп, қыршынынан қиылған ғұмырларының өтемін талап ете ме деп те | қорқасың. Дәуір, оның жүйесінің шындығын Асқаровтай беруге әрекеттену керек екен!

«Шындығатай» очеркінде «Көккөлді» оқып  отырғанда шегіне жеткізе шірене тартылған жүйке пернеңіз босап сала береді. Мамыражай күй кешесіз. Автормен бірге дем алғыңыз  келеді. Алайда, ауыздығын қарш-қарш шайнап жұла тартқан сәйгүліктің үстіндегі Асқаров бұл жерде де өзіне титімдей рақымшылық жасаудан аулақ. Тағы да төгіледі. Сағынышын жырдай шертеді.

Жо-жоқ, Әлекең бұл жерде де: «Сағыныштан сал болдым. Жүзіңді бір көруге зармын деген секілді ұрандауға бармайды. Өмірден ерте кеткен асылдарын - ағалары мен замандастарын, тіпті қазір қасында жүрген көзі тірілерін де мекірене іздейді.

Оралхан Бөкейдің Асқаровтың жазушы, азамат болып қалыптасуына тигізген үлгі-әсерлерін тізбелеп қажеті шамалы. Әлекеңнің әр шығармасын-ақ, әр аттаған қадамынан: «Мен Оралханның алдын көргенмін. Содан үлгі алғанмын.  Соның ісін алға апарушы азаматпын!»   деген саумал самал лекіте соғып тұратыны шындық. Десек те еске алудың да сан түрі болады екен. Әлекең соның соны бір үлгісін ұсыныпты.

Оралхан туралы айтады. Сағындым демейді. Әр эпизодта Орекеңнің айтқан оқыс ойларын, бірге жүргендегі іс-әрекеттерін үзіп-жұлып келтіре отырып, Оралхан Бөкей сынды қара сөздің сүлейін өз биігіне алып шығады. Оқырманға сағындыртады. Оралханын үздіге сағынған автор еркелегісі кеп, қасында жүрген Қалағаңның (Қалихан Ысқақтың) қолтығына басын тығып, сүйкеніп кетуді де ұмытпайды. Қасында дастархандас жүрген адамды сағыну Орекеңде мол еді, мүмкін содан жұқты ма екен, әлде тамырында бар қасиет пе? Әй, табиғи болмысы шығар!

Орекеңнің: «Алматыда біз емес, Жанұзақ,жүруі керек еді» дейтін Жанұзақ Бәйгереев бәріміздің ортақ досымыз еді. Оралханның жасында ол да өтті емірден.

Сол Жанұзақтың, Баламер Сахариев, Ермұхан Әбдірахманов, Сақан Құрманов, Сайфолла Ауғанбаев сынды ағаларының орнын толтыра алмай аласұрады.

Сағынуды, соны жеріне жеткізе, майын тамыза жазуды да Асқаровтан үйренсе - артық болмас.

Ал, «Мұзтау» очеркі әрі қорқынышты, әрі тәнті етеді. Ұлы мақсат, ұлы мұрат жолында қарақан басы мен шыбындай жанын құрбан етуге сақадай-сай адамдардың шағын тобы болады емес пе. Міне, Әлекең солардан екен. Қасына өзі сияқты төрт-бес жанкешті дос-жаранын ерткен ол, кәсіби альпинистердің кез келгені тәуекел ете бермес, қаһары мен әщадылығы әлемге әйгілі Мұзтауға шығады. Айналдырған үш күнде үш ғумырға татитын қиыншылықтармен бетпе-бет келеді. Жеңеді. Көп дүние түйсінеді. Ажалды пендені тәубесіне түсіру үшін Мұзтау керек екендігін, ал Мұзтаудың жұмбақтығы сондай, ғылыми прогрестің әлі оның оннан бірін де түсіне алмай жатқандығын шертеді.

Оралхан Бөкейдің Мұзтаудың балағында кіндігін қиғызып, Гималайда соңғы демі үзілгенінен байланыс, заңдылық табуға әрекеттенеді. Мүмкін кездейсоқтық, мүмкін жазмышқа қатысты ма екен?

«Мұзтау» очеркін оқып біткен соң өзіңіз Асқаров бастаған топпен Мұзтауға шығып, ажалмен сан рет төс қағыстырғандай күй кешесіз. Шілденің шіліңгірінде тісіңіз тісіңізге тимей сақылдап, дірдектей тоңып отырғаныңызды байқайсыз.

Міне, жазушының құдіреттілігі де осында!

Жерлесіміз, жазушы, Қазақстан Республикасы Баспасөз және ақпарат министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаровтың қаламынан сан ұрпаққа рухани азық болар шығарма туып, оқырманына жол тартты. 

Жолы болатынына сенім мол.

«Дидар», 2004 жыл.


БІЗ СОЦИАЛИЗМДЕ ҚЫЗЫҚ БОЛЫППЫЗ ҒОЙ


Мейлі жазушы, мейлі ақын, мейлі драматург болсын, кез келген шығармашылықпен шүғылданған дарын иесі тек өзі дәмін татқан, иісін сезінген, басы-қасында болған, ыстығына күйіп, суығына қылшылдай тоңған дәуір немесе қоғамдық формация хақында қалам тербегенде ғана барлық мүмкіндіктерін аша алады. Алайда, дәл осы тұрғыда басы ашық бір мәселе бар, ол - қаламгер өткен қоғамдық жүйеге басқа формация көзімен қарауы шарт.

Міне, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қайраткер Әлібек Асқаров замандасымыздың толғатуынан туған әңгімелер жинағы бізді осы ұйғарымға жетеледі.

Кезінде селебесінің жүзі қанға малшынып тұрған кеңестік цензура баспадан шығып жатқан көркем шығармаларды қойып, газет бетіндегі титімдей хабарларға дейін назардан тыс қалдырмай танауларын айтақтап, жат иіс іздеп отыратын. Басын бәйгеге тіккен бірен-саран қаламгерлер социализмнің тиіп-қашпа шындығын, идеологиясының адам құқығын керзі етікпен таптап жүргендігін тілге тиек етеміз деп мүлдемге құрып кеткен. Бәрі болған. Бүгінде бәрі өткен шақ.

Дегенмен, санамызда сол өткен шақтан ызғар мен үскірік, бес елі қырау, ықылық атқан өксік... сосын мына  қызыққа қараңыз -  сол шаққа деген сарытап сағыныш қалыпты. Сағыныш иектейтін себебі - мейлі ол қоғамдық жүйеде көптеген олқылықтар болған да шығар-ау, алайда сол қоғамда біреудің балғын балалығы, енді біреудің жастық шағы, бәзбіреулердің бүткіл саналы ғұмыры қалғаны рас. Біз көп жағдайда қоғамдық жүйені емес, сондағы өзіміздің мөлтек ғұмырымызды аңсайтынымызды шатастырып аламыз.

Әлекең «Социализм әңгімелері» атты әңгімелер жинағында дәл осы қос тағанның сынған жерін «желімдеуге» әрекеттенген. Оқып отырып сол дәуірдегі өзіңді табасың. Келесі бір әңгімеден тағы да өзіңді не ауылдасыңды іздейсің. Атын емес, мінез-құлқын, саяси көзқарасын, іс-әрекетін көрсем деп үңілесің. Күліп отырып жылайсың, жылап отырып күлесің. Социализм дәуірінде, шынында да, қызық болыппыз ғой өзі.

Жинақтағы әңгімелерден  лүп еткен саясаттың самалы еспейді. Жазушы социализм жүйесін пәлен-түген деп жамандап, лағнет те айтпайды. Десекте әр әңгімеден сол дәуірдің ащы шындығын, қалыңдығы сере шығатын қаспағын көріп: «Құдай-ау, дәуір идеологиясы бәрімізді сол кезде малға айналдырып жіберген екен ғой. Ойлау, саналы әрекет дегеннен ада болғанымызды қараңыз. Қазақ: «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деуші еді. Сол дәуірде басымыз тұтасымен мемлекет меншігі болған екен» деген тұжырымға келесің.

Бір ғана «Левитанның дауысы» атты әңгімеге үстірт үңіліп көрелікші.

Жалғыз ұлын Қырық деген қырғынды жылдардың бодауына өткізген Мұқажан ақсақалдың ендігі бар үміті де, қызығы да сол ұлдан қалған  жалғыз тұяқ - Қуанышбек атты немересі. Ол да есейген, бозбала жасына келген. Енді аяқ астынан сол Қуанышбекті әскерге шақырған қағаз келіпті. Бұл кезең, яғни өткен ғасырдың 60-жылдарының басы, социалистік жүйе мен империалистік дүние арасының ұшығып, шарықтау шегіне жетіп, шырпы тигізсе лап еткен аламан соғыс басталардай «қырғи-қабақ» текетірес кезең болатын. Совет адамдарының санасын тек қана капитализммен міндетті түрде соғыс болады деген түсінік жайлап алған шақ.

Соғысты түсінде көріп, оған лағнет айтып жүретін Мұқажан ақсақалдың бар зейіні, ынта-шынтасы қабырғадағы радиода. Құлағы түрік. Мына немересі әскерге шақырылған сәтте соғыс басталып кетпес пе екен деген күдік бүткіл санасын жайлап алған.

Тек қана сол оймен отырған ақсақалды радиодан естілген: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Кеңестер Одағы территориясындағы барлық радиостанциялар мен Орталық телевидение жұмыс істейді. ТАСС-тың аса маңызды хабарын береміз» деген қатқыл да мұздай суық  дауыс шалқасынан түсіре жаздайды. Мынау соның дауысы! Баяғыда соғысты дәл осы кісі хабарлаған!

Мұқажан ақсақал дауыс қылады. Немересімен арыздаса бастайды. Сөйтсе...  ғарышқа Юрий Гагарин деген кісі ұшыпты. Шүкіршілік, соғыс емес екен!

Міне, Әлібек Асқаровтың «Социализм әңгімелері» атты жинағындағы әңгімелер сол шақтағы жұрт бойындағы үрей, саясаттың соңынан салпақтаған көзжұмбай, мағынасыз тапырақ, жетім мен жесірлер басындағы мәңгілік қасірет, жалпы дәуір қасіретін сөз етеді. Автор әңгімені қалай айтуды, әрлеп айтуды біледі. Әңгіме желілерінің соңынан танауын тескен тайлақтай жорғалай басып бара жатқаныңызды аңғармай қалатыныңыз шындық.

Қысқасы, «Социализм әңгімелері» өткен қоғамымыздың қайшылықтарға толы қалтарысты тұстарын өзек еткен жинақ. Әдебиетімізге келген тың құбылыс, қазақ көркем әдебиетіне қосылған әсем өрнек.


«Дидар» газеті.





Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры