Жаңабек ШАҒАТАЙ
жазушы, Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты
ДҮНИЕ ЕСКІ САРАЙ СИҚЫ ҚАШҚАН
Шұқыншақ ғалымдар әулеті адамзаттың жер шарын мекендегеніне 50-60-мың жыл болды дейді. Көгілдір планетада бұған дейін 4-5 өркениеттің таңы атып, күні батқан, түпсіз теңіздерге һарап болған деп және тың шиырларға із тастайды, әрі көп ретте дәледеріне де онша сенімді емес. Өйткені, қарсы дау айтушылардың қосыны қарақұрым. Ең бастысы, кұдіретті таулар — қасиетті таулардың жаратылуын миллиондаған, миллиардтаған жылдардың еншісіне телиді, есірік қиялдың қанаты ғана жетер ықылымдардан іздейді.
Апырм-ай, қаншама шексіз алшақтық — небәрі ондаған мың жылдар мен санаға сіңіру мүмкін емес миллиондаған ғасырлар, тұтас дәуірлер! Адамзаттың барша тіршілігі қас қағым ғана сәт екен ғой. Тіпті, шұғылалы таңда нәзік қанат бітіп, кешке өлетін көбелектің бір күндік өмірі де мына ұланғасырлықпен салыстырғанда тым ұзақ боп көрінер.
Шақпақ ата мешітінде осыдан талай ғасыр бұрын жазылған «Дүние ескі сарай сиқы қашқан» деген жыр жолдары бар екен, одан бері де қартая түскен әлемде қандай әпшін, сын бар, сірә, алжа-алжасы шығып, тулақ болып қалған да ендігі!
Сиқы қашқан дүниенің жамалына жайнап әр беретін — құдіретті таулар, адам табаны тимеген мұзарттар! Басын бура бұлттар торлаған биіктер, шалқайып қарап ұшарлығын көре алмас шыңдар. Мұқым қазақ ұлан байтақ сахарасының сәні, «омыраудағы алтын алқасы» деп білетін өр Алтайдың атын естігенде, алаш азаматының жүрегі шымырлап сала береді: қаймана қазақ құт дарыған аймақты Табиғат-Ана алғаш жаратылғандай шырышы бұзылмаған тұмса өлке деп таниды. Ару деп мойындайды. Әттең, олай емес екен! Әсіресе, қызыл империя — коммунистік билік тұсыңда есерсоқтар, ене-сіне шапқан әңгідей әңгүдіктер, көркеуде пенделер әзіз анасы — сұлу да қорғансыз табиғатқа зорлық жасаған бейуақта адамзат өз бойындағы игі қасиеттер: имандылық, адамгершілік, ізгілік тектес аяулыларынан айрылды. Сөйтіп, ұлы Абай айтатын «боқтың қабына» біржола айналды.
Белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровтың «Елорда» баспасынан биыл жарық көрген «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» атты кітабы осынау ащы шындықтың шымылдығын түріп, ашынып айтуымен қалың оқырманын бей-жай қалдырмасына күмән жоқ. Автордың туған өлкесі, аңызға айналған, иісі түркі жұртының кіндігі кесілген Алтай алдындағы перзенттік парыздың титімдей өтеуі осынау эссе, қолжазба жанрында жазылған талантты туынды. «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» — ел мен жерге шын сүйіспеншіліктен, зеріккенде ермек еткеннен емес, сарытап сағыныштың жүрекке маза бермеуінен туындаған шығарма. Әр бөлімнен үзілмей ескен сұлулық лебін ылғи сезініп, елітіп, елігіп отырады оқырман. Кітаптың беташарын жазған белгілі қаламгер Қалихан Ысқақтың: «Төр Алтайды бұрын да өзінің көркем шығар-маларының мәйегіне өзек етіп жүрген жазушы бұл жолы жазушылық өнерден гөрі Атамекен алдындағы өзінің азаматтық борышын алға салған көрінеді», — деп ой өрбітуі бекер емес. Сүйінгендіктен.
Көккөл, Шындығатай, өр Алтайдың асу бермес мұзарты- Мұзтау қазақтың ұланбайтақ даласының Шығысты баққан үш қарауылы, қасиетті де қастерлі межелері. Дей тұрғанмен, «Көккөл» бөлімінде Мұзтауға бағыт бір топтың — Рерихтың әйгілі жер кіндігі — Шамбаласын іздеушілердің арасындағы иркутскілік Мансұр — әйгілі таудың жер кіндігі екеніне еш күмәнсіз сенуі былай тұрғай, өзінің осында үшінші рет тәу етуге келе жатқанын айтып: «...Мұзтауға өзімнен басқа табынып жүрген түркі текті біреуді көрмедім. Табынғанның бәрі бөтен жұрт. Іргеде отырған қазақтың ай қарап жүргеніне таңым бар», — деп ішкі қынжылысын танытады. Қайтерсіз, «Керемет көрем десең — тауға бар» деп сөз сірағысы ретінде айтты демесек, алыс таулар түгілі, есігінің алдындағы төбеге шығуға кежегесі кейін тартып, биікке ұмтылуды қарны тоқ, қолы бостың ермегіне балайтын алаш жұрты аяғын санап басар әдетінен арылмаған да әлі. Ал танымал жазушы өз шығармасында үш жыл қатарынан барған сапарынан сыр шыжымдайды. Әсілі, бұл оның ғұмыр бойына созылар, әркез қайталана берер сапары. Атамекен орнында тұрса осылай жалғаса бермекші. Сондықтан тәтті мұң — әрбір қалам иесінің маңдайына жазылған. Түн баласы алау басында отырған адам ойшыл келетіні көпке мәлім қағида, екінің бірі сенетін шындық. Сөйтсе де, көңілге мұң, жүрекке сағыныш ұялататын тылсым көріністерге толы тау ішіндегі түнгі алау мүлдем өзгеше дүние, қайталанбас құбылыс. Ендеше, Алтай қойнауындағы таңның өзгеше болып атуы да заңды ғой.
«Тау қойнауы манаураған қаракөк сағым астарында біраз уақыт бусанып жатты. Сосын шың бастарындағы қарға шағылысқан күннің сүт сәулесі біртіндеп етекке ойысқан. Соңынан әлдебір әдемі көгілжім нұр аңғар ішін аралай жайыла берді. Аңғар бойы ұйқысынан енжар оянып, шым-шымдап ағара бастағанымен, тау белдеулерінде шудадай созылып ақшыл тұман қалды», («Көккөл») деп тебіренеді қаламгер. Эстет ретінде талғамы жоғары жазушы сұлулықты көре білу, оқырманға жеткізу машығы арқылы үнемі философиялық түйіндер жасауға ұмтылысы тәнті етпей қоймаса керек. Тіпті, ғарышкер В.В.Аксеновтың: «...Әлемнің талай елін араладым. Жер шарын екі рет төбеден де тамашаладым. Бірақ осы жердей, Алтайдай көркем жерді көрген емеспін» деген қарапайым лебізі де талай жайттан сыр шертеді. Сұлу табиғаттың қайталанбас әсем қойнауындағы Көккөл кеніші ай дидарындағы қорқынышты қорасан дағындай, барар жайлау жер жаннаты болғанмен, әрбір жер атының өзі бой тітірендірді: қапсағай тау — «Ит өлген», биік қия — «Түйе құлаған», тағы бір мүйіс — «Қыз өлген».
Япыр-ай, бөтендер, қызық қуып, серуенге келетіндерге ғажайып Жерұйық болып көрінер алтын Алтай жергілікті қазақтарға өгей шеше сияқты қытымыр мінез, қату қабақ көрсетті ме екен?! Он алты азамат көруге ынтығып аттанған тау басындағы Көккөл ауылы, елуінші жылдары шаңырағы құлаған кеніш адамдарға ылғи қасірет әкелер қара апан, барғаңдар қайтпас болғаны да. Әлібек Асқаров осыны қапысыз дөп басып жеткізе біледі, оқырманды иландырады, шарасыз мойындатады. Авторлық ремаркада ол әлгі өлген ауылды: «...Екі өкпе тұсы жадағай, азынаған жел өңменіңнен өтеді. Шығысында тас қорымды қап-қара тау. Таудың терістігі мұз бен қар, күн жағы түнере сазарып, аждаһаның қабыршақты жонындай жалдана созы-лып жатыр», деп өзі де үрейлене суреттейді. Осы таудың әр тұсы үңгір, қорқынышты алып аран — Кеңес Одағы кезінде вольфрам өндірілген штольнялар. Вольфрам — танктердің құрышын бекітуге қолданылар сирек металл, қымбат химиялық элемент. Оны өндіруге осы өңірден, тіпті, басқа жақтан да нақақ сотталып, жазықсыз жәбір шеккен адамдар айдап әкелінген, ауыр қара жұмысқа әйелдер де, жасөспірім балалар да бірдей жегілген. Еңбек армиясының үнсіз-тілсіз бейбақтары!
Осыдан кейінгі үзік-үзік әңгімелер адам үрейін ұшырады, ақырзаман кезді көз алдыға әкеледі: «Бәрі де силикоздан қойдай қырылып қалды», «Сондағы старатель әйелдерден де ешкім қалмады. Бәрінде ревматизм мен буын сырқаты алып жықты. Ал олардың шахтер күйеулері сақал түгіл мұрт қояр жасқа жетпей өліп қалысты», «Соғыс жылдары, соғыстан кейінгі жылдары Көккөлде аштық жиі болды», «Дестелеп жауған қардан, ұйытқыған ақтүтек бораннан көз ашпайтынбыз»... Міне, осылай жалғаса береді. Бұлар қара бояуды қоюлата түсейін деген жазушының қиялынан туған сөйлемдер емес, Көккөл тозағын көзбен көрген бірлі-жарым тірі қалғандардың естелігі, ресми құжаттар.
Көккөл кеніші қазір өмір сүруін тоқтатқан. Ол дұрыс па, жоқ па, оны қаламгер оқырман таразысына қалдырады. Сірә, осындайда Шекспирдің әйгілі сөзін сәл өзгертіп, «Қош бол, қасіретті Көккөл! Періштелердің әні жаныңды жадыратсын», деп қайталау ғана керек шығар.
«Шындығатай» бөлімінде автор тұмса табиғатпен етене жаратылған ел азаматтарының жасы үлкен ағалары, тайдай тебісіп өскен тең құрдас-кұрбыларының түрлі мінездерінен әрі күлдіре, әрі мұңдандыра отырып әңгіме өрбітеді. Туған жері сұлу адамдардың жаны сұлу болмауы мүмкін емес. Тіпті, Өр Алтайдың әрбір ұланы кесек тұлға, өмірдің өзінен ойып алған қайталанбас кейіпкер. Ең бастысы, бойларынан мәңгілік сұлулық, ғашықтық пен кіршіксіздік лебі еседі аңқылдап. Тіпті, сол аңқылдақ жандардың ешкімге залалы жоқ, зілсіз күлкі, келешекке аңыз. Кезінде жүгірген аңды қынадай қырып, кейін тәубесіне келіп, «табиғат қорғаушы» болып, «Надо уважать братьев наших меньших» деп ақылгөйсіп, «...тұмсығы қандай сүйкімді өзінің, сүйіп алайын ба...» деп сүйіскен сәтінде жылан шағып алған Дәурен ағай, таусылмайтын сериалдарды көре-көре қырық жыл отасқан күйеуінің атын ұмытып: «Габриэль, келдің бе, шалым?» деп қыз қылығын жасаған Бәтіш апай, ай өзі діттеген тұсқа келгенде ғана ұйқыдан тұрар Бөжөн аға - бәр-бәрі кесек адамдар. Ал тағдырдың мінәйі бір себептерімен ауылдан ұзай алмай қалған, бірақ, тұрғыластарының кеудесінде өшпес із қалдырған: «Мен ауылдың аясына сыймай жүрмін... алысқа кететін шығармын... Тым алысқа!» деп қамыққан марқұм Жанұзақ секілді кейіпкерлердің әрбірі оқырман үшін де қимас жанға айналады. Қаламгер қарымының ішкі қуаты осылай әдемі өрнек табады. «Өмірді белгісіз бір мұң торлап алады» дейді автор жастық шақтағы қимас күндерін сағынып, енді бір тұста сол жастық албырттықпен сұлу табиғатқа тамсанып, дабырлай береді. Сондай бір сәтте бұған Орағаң — керім Алтайдың қайтып оралмас кер бұғысы Оралхан Бөкей: «кеудең толы поэзия болса да шошаңдағанды қойсаңшы», дейді. Әрине, сұлулыққа айқайлап тамсануға болмайтынын түсіне қою да оңай емес. Кітап авторы табынып қарайтын: «...жақпарланған шың жартастың биігінде, көз көрім жерде біреу тұр. Құзар жартас басындағы құлжа сияқты шығар күнге қарап қасқайып қапты...» Сол Орағаң айтты: «...Қалихан ағаң ел жаққа жоламай жүр... Елден ерте кетіп, жатбауыр боп қалған ғой...», тағы да «Дидахмет екеуің тым болмаса жьлына бір рет ел жаққа келіп жүріңдер. Алматыға кеткендердің ішінде елден қол үзгендер көп, бірақ жетісіп жүрген біреуі жоқ», тағы бірде «Қазақтың' тарихы жиналмай,өстіп жан-жақта шашылып жатыр ғой», деп қапаланса, сосын... сосын «...осы біз несіне мәз боп жүрміз?!» деп торығады.
Иә, үлкен жазушы осылай баршадан баз кешкенде, бүйрегі бітеу, пышағынан май кетпегендердің көңілінде не бар?! Олар неліктен мұңая білмейді екен осы!?
Орағаң жырлап, жан жүрегімен табынып өткен Мұзтаудың табиғаты ғана емес, тарихы да ерекше. Он тоғызыншы ғасырдағы орыс саяхатшысы В.В.Сапожников: «Нам и смотреть близко на нее нельзя, — говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели», — деп жазба қалдырыпты.
Қайран аталарымыз-ай, қарсы бетте қасқайып тұрған ұлы тауға қарауға да ерінген-ау.
Сол жалқаулық әлі де шошқа тікендей етегімізден қалмапты. Өйткені, Тәуелсіздігіміздің алғашқы аласапыран жылдары орыстар шекара заставаларын қазақ жеріне ішкерілетіп, аран сымдармен қоршап алыпты. Естіп білмегендерге өкпе жоқ, бірақ мұны білетіндер де тымпи.
Ал қисынға жүгінсек, қоғамда реніш бар іспетті. Талай құйқалы жерлер Қытайға кетті... хош деді бұл қазақ. Өзбектерді де өкпелеткен жоқпыз. Қанша шүлен болсақ шыңғырып айтар мезгіл келген екен. Мұзтау Ресейдің еншісінде кетіп барады.
Әлібек Асқаровтың: «Араратқа аңыраған армяндардай біздің қазақ та Мұзтауға күншіліктен көз сатып қалмаса екен, ағайын!» деп торығуына дәруді қайдан, кімнің қолынан табармыз?!
Қойшы, сөздің қысқасы «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймынды» алабұртқан сезіммен оқу керек шығар.
«Түркістан» газеті.