Айгүл Сейілова
әдебиет зерттеуші
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ ҚАСІРЕТІ
Тәуелсіздік қолға тиіп, қоғамдық қатынастар алмасқаннан кейін әдебиетшілер “алданған ұрпақ, адасқан ұрпақ” жайында жиі-жиі айтып жүрді. Бірақ ол мәселеге бел шешіп кіріскен де, жазған да қаламгер болмады.
Осы тұрғыдан келгенде жазушы Әлібек Асқаров өткен дәуірдің қалтарысты сәттерін ашып көрсеткен әңгімелер циклін жариялағаны белгілі.
Енді мінеки, сол циклдан соң артынша жарық көрген “Социализм хикаяты” повесі тұтас ұрпақты алдаған, адастырған Кім деген нақты сұраққа жауап іздеуімен тың екен.
Базарқан атты жігіт әскерден оралған бойда Алматыға тіке тартады ғой. Ондағы мақсаты – көптен арман еткен жоғары оқу орнына түсіп, көңілін бір демдеу. Бірақ жігіттің жолы болмай, оқудан құлап қалады. Амалы құрыған ол енді бәрін қойып, мәңгі-бақи ауылға кетпек болып бекінеді. Сондықтан да соңғы рет әсем қаланы армансыз аралап, әскерден тапқан ақшасына (соңғы жылы прапорщик болған) айды аспанға шығарып бір сайрандамақ болады. Сөйтіп галереяға барады, күні бойы қала аралайды, кешке мықты бір мейрамханада көңіл көтереді. Көп әсер алып, көп кісімен кездесіп, ақыры түнделетіп теміржол вокзалына келіп жетеді. Сонда қонады, өйткені таңертең пойызбен ауылға кетуі керек. Алайда жігітіміз елге кететін пойызға кешігіп, отыра алмай, тағы да сенделіп перронда тұрып қалады...
Повестің қысқаша мазмұны осы ғана.
Кеңестік кезеңді көрген де, көрмеген оқырман да “е, әскерден келген бір жалаңаяқ оқуға түсе алмапты, ондайлар аз болып па, оның несі жаңалық?”- деуі әбден орынды. Алайда, бұл алғашқы әсер ғана. Ал повесті зерделеп оқыған адам одан міндетті түрде жазушының кейіпкердің көңіл-күйін қоғам шындығымен астастырып дәл бейнелегенін, психологиялық параллелизмді ұтымды пайдаланғанын, детальдар арқылы меңзеуді шебер меңгергенін, ең бастысы адам болмысын терең түйсінетінін аңғарар еді. Бұған мысалдар жеткілікті-ақ.
Алдымен, шығармаға арқау болған көптеген оқиғалар айналасы бір-ақ күн ішінде өтетінін ескеру міндет. Бүгін таңертеңмен басталып, ертеңгі таңертеңмен бітеді. Сондықтан да повесте басы артық дүние жоқ, оқиғалар шымыр да тартымды өрілген.
Кейіпкердің аузымен «Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!» деген сөз әр жерде, кейіпкер түрлі ситуацияларға түскен жағдайларда қайталанып отырады. Осы сөзде өкініш те, күйініш те, көмпістік те, түңіліс те жатыр. Сол арқылы автор өз кейіпкерінің қоғамды, ондағы адамдарды жақсы түсінетініне меңзеу жасап, әрі шығарманың жұп-жұмыр пішінін сақтауды мақсат еткендей.
Оқудан құлап қалып, қала аралап һәм бұлдыр болашағына қам жасап жүрген жігіт өткен өмірін де еске түсіріп үлгереді...
Мектеп бітірген соңғы күн. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша жастар бұл түні ұйықтамай, таңды бірге қарсы алулары керек. Өйткені бұл алаулаған жастықтың таңы, арманның таңы, үміттің таңы. Сөйтейік десе, Сейітқұмар деген кластасы: «Біз оны не үмітпен қарсы алмақпыз? Бәріміз де қойшы боларымыз белгілі ғой!» - дейді. Комсорг қыз Ләззат Сейітқұмардың бұл сөзіне шамданып қалады: «Сен, Секо, ондай пессимистік әңгімеңді доғар! -дейді көсемсініп. – Қайдағы “қойшы”? Ондай ұғым қазір жоқ, біз шопан боламыз, білдің бе?» Сонда Сейітқұмар қорс етіп: «Шопаны не, қойшысы не? Арғы атасы бір емес пе?» - деп, есікті тарс жауып шығып кетеді. Комсорг қыз не айтарын білмей, құрбыларына жаутаңдап қарайды да, шыңғырып жылап жібереді.
Ләззат комсорг болғандықтан да бастықтардың сөзін сөйлейтіні белгілі. Сондықтан да өзінің құрбы-достарын комсомол жастар бригадасына шақырып, уағыз айтып, насихаттап жүр. Бірақ шопандықтың ар жағында болашақтың да, үміттің де жоқтығын ол да іштей сезеді. Өзі айтуға қорқып жүрген сол шындықты Сейітқұмардың аузынан оқыс естігенде - жаны шыға шыңғырып жібергені де сондықтан.
Бұл жалғыз Ләззаттың емес, билік тарапынан жойдасыз қысым көріп, келешегі кесілгелі тұрған, тағдыры тығырыққа тірелген барлық жастың жан айқайы еді.
Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп, сонау жетпісінші жылдары күллі қазақты қойшы етіп жібере жаздаған саясат болған. Ол жағдай біздің аға ұрпақтың есінде болар? Сол жылдары бірде-бір орыс мектебінің комсомол-жастар бригадасына бармағаны, класс болып ешқандай жұмысқа тартылмағаны қайран қалдырады. Қандай жымысқы саясат еді десеңізші! Түрлі сылтаулармен қойшылыққа тек қана қазақ жастары тартылды. Қазақ мектебінде оқыған Базарқанның кластастары осындай саясаттың құрбандығына шалынып, бір-ақ күнде қойшы болып шыға келеді ғой. Екі жыл «отработкадан» соң аласыңдар деп, аудан басшылары аттестаттарын бергізбей тастайды. Сөйтіп арман да, оқу-тоқу да адыра қалады.
Екі жылдан соң әскерге кететін болып, қойшылық өмірден әзер құтылады.
Әскерде де мерзімді екі жылын аяқтай бергенде, Кеңес армиясына жаңадан «прапорщик» деген дәреже енгізіліп, Базарқан бастықтардың азғыруымен соның курсына аттанады. Курсты аман-есен бітірген соң, жаңа өмірге адамша қадам жасауға талаптанады. Кейінірек сырттай тапсырып, офицерлік дәреже алуды ойлап жүргенде, бұл әскери карьерасы да ойда-жоқта ойран-топыры шығады... Өздері өлесі мас, кеуделеріне нан піскен бір топ жас лейтенанттар ұлттық намысына тиіп, жанжал шығарады. Офицерге қол көтергені үшін қатал жүйе ақыры бұның үстінен прапорщиктің шапанын шешіп алып, жөніне жібереді...
Содан оқу іздеп Алматыға келіп еді, бауырына баса ма деген бұл қаланың сиқы былай болды: «Өз Отаныңның тарихын білмейсің, мақұрымсың» деп, жалтырбас профессор емтиханнан қуып шығады. Турасында - Иван Болотников бастаған шаруалар көтерілісіне дұрыстап жауап бере алмай, құрғырдың жылынан шатасып, оқуға түсе алмай қалады.
Көшеде танысқан насыбайшы бір ағай мұны естігенде,: «Иван Болотниковта нең бар еді, құлыным-ау» деп күңіренеді.
Бірақ, ол ағайдың күңіренісін Базарқан қайдан ұқсын! Ол кездегі ұрпақ Иван Болотников пен Степан Разинді жатқа соғатын. Робьеспьер мен Оливер Кромвелдің тағдырын жыр ғып айтатын. Тіпті мұхиттың ар жағындағы Американың да оңтүстік-солтүстік болып қиян-кескі қалай соғысқанын сарнап беретін. Есесіне Абылайханды білмейтін. Әлихан мен Ахметті тіпті естіген жоқ-ты, Мағжанның өлеңін айтқан жан жұмыстан қуылып, ұсталып кетіп жатты. Базарқан түсінбегенімен, насыбайшы ағамыз соны ұғып, астармен айтып тұр... Яғни, ол кезде де елдікті ойлаған азаматтар болған сияқты, бірақ олар тым аз еді. Насыбайшы ағай сол аздың бірі, жоқтың жалғызы есепті.
Социализмді біреу мақтап, біреу даттап жатады. Повесте мақтау да, даттау да емес, сол заманның суреттерін қапысыз көз алдымызға әкелетін бұлтартпас шындық бар.
-жалғыз шөлмек арақ үшін жаға жыртысып, күні бойы кезекте тұрған қалың еркек;
-жалғыз ғана стақаны бар «Газвода» автоматы... шөлдеп, қаталап келген көпшілік сол жалғыз стақаннан сусындайтын кез;
-сыраханадағы қырғын кезек... саптыаяққа дейін бір сом беріп қолдан сатып алатын заман;
-ауданға жиһаз бен кілем, түрлі-түсті телевизор түссе ауданның бірінші хатшысы өзі бас боп бөлгізетін уақыт;
-шетке шықсаң 50 доллардан артық түк бермей, қайыршының күнін кештірген билік;
-өлең жазсаң - беташарына партия мен Ленинді қоспай кітабың шықпайтын жылдар...
Осының бәрі болған еді дегенге бүгінгі ұрпақ сенбес те. Сенгенімен, не себепті олай екенін түсінбейді. Бұл құбылысты Базарқан секілді сол заманның алданған, адасқан ұрпағы ғана түсінеді, немесе социализм дәуірін бастан кешкендер ғана біледі.
Повесте арақ-шараптың, сыраның кезегінде тұратын кеңестік «типтер» дәстүр жалғастығының үзіліп қалғанын бейнелеп, мейрамханадағы көзі көлбақадай бикеш пен елден келіп сайрандап жүрген азбан еркектің арасындағы жер мен көктей айырмашылық - ауыл адамы мен қала адамының өмір сүру салтының әртүрлілігіне меңзесе керек.
Ал, бір ғана балағы бар джинсіні сатып жүрген алаяқ - сол кезеңнің көз алдайтын жалғандығын паш етіп тұрғаны өз-өзінен түсінікті-ақ. Базарқанға саябақта кездесетін маскүнем ақын өзіндік сананың қоғамдық санадан оңбай жеңіліп қалғанына тұспалдаса, география пәнінің мұғалімі Смағұл ағайдың тағдыры қай қырынан қарасаң да, сол дәуірдің «шындығымен» беттестіргендей. Бір досымен арадағы мына әңгімеге құлақ қоялықшы:
«-Ол кім саған джинсіні алдап сатып жүрген?
-Ит біліп пе? Әйтеуір күнде алданып жүрміз ғой. Өмір мені алдап жүр ме, әлде мен өмірді алдап жүрмін бе, білмедім. Мүмкін мен өз-өзімді алдап жүрген шығармын» - деп қиналады Базарқан.
Шындық демекші, кеңестік дәуірдегі «шеңбердің ішіндегі тіршілік» көркем әдебиеттерде тәп-тәуір жазылып-ақ жүр ғой.
Алайда «Социализм хикаятындағы» басты кейіпкердің сана сүзгісінен өтіп, жан дүниесін тебіреніске түсіретін шындықтың жөні мүлдем басқаша. Ол үшін маңыздысы - қалада қалып, жоғары оқу орнын бітіру болмай қалды... Сондай-ақ, жайбасарлығымен қарсы алатын ауылға қайтып, отбасын құрап, әке-шешесінің көз алдында жүруден де жаны қанағат таппасын сезеді. Өйткені, жиырма төрт жасында адамның қабілетімен санаспайтын, қайта рухын әлсірету үшін неше түрлі сұмпайылықтарға баратын тоталитарлық жүйені жете түйсініп қойғандай. Сондықтан да ол өмірде ішті бола алмағанына, құнарлы бола алмағанына өкініш білдіріп, өзін-өзі кінәлайды.
Повестің соңына қарай өзінің неге бұлайша адасуын, өмірде неге жолы болмағанын зерделеп, тағы бір байлам жасайды. Байқаса, өзі түгілі, әке-шешесінің де ақылының асып, кемелінің тасып, баласынан артық болып тұрғаны шамалы екен. «Біздің әке-шешелеріміз де кемел адамдар болған жоқ, ары кеткенде техникум, институттарда оқыған қаратаяқтар, - деп түйеді ол. - Баяғы жоқшылық пен қуғын-сүргіннің шетін көріп қалғасын ба, әкелер буыны ұраншыл бола тұра, үрейшіл, жалтақ, қорқақ». Бірақ олардың да өз заманының перзенттері екенін ұғып, оларға да кешіріммен қарайды...
Иә, жалтақ, қорқақ ұрпақтың бірнеше буынын қалыптастырған замандардың болғаны рас. Бұл да социализмнің бір қасіреті еді.
Домбыраның қос шегіндей болып, повестің өн бойымен жүріп өтетін, көзге көрінер-көрінбестей нәзік екі арна бар. Оның бірі - Базарқанның Қанағат мұғалимаға деген кіршіксіз бала сезімі, сол арқылы үнемі құлағына құйқылжып келе беретін «Қорлан» әні.
Екіншісі сонау Жерорта теңізіндегі Гибралтар бұғазын көрсем деген әдемі қиял. Бірақ соның екеуі де қол жетпеген арман күйінде, мөлдір күйінде бұлдырап қала береді.
Толқын-толқын ойдың құшағында жүрген жігіттің өз орнын іздеуден жалығып, болашағынан жақсылық күтпейтіні, сол арқылы повесте оның қоғамнан безіп кеткісі келетін көңіл-күйі де риясыз суреттелген. Тазалық пен әділет жеңіліп қалатын қоғамда өмір сүргені, сондай-ақ өзінің де жолы болмай қойғаны үшін безініп отырған жоқ ол қоғамнан. Керісінше, оның жан дүниесі өмір сүруге тұрарлықтай мән таппай аласұруда.
Фейербах «жан мен тәннің бірлігін адамның миынан іздеу қажет» дейді. Ал, өзіндік санаға шектеу қойған қоғамда, адамдардың өмірден өз орнын табу мүмкіндігінің аздығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан, повестің ең соңында Базарқанның елге кететін пойызға міне алмай, тағы да сандалып перронда тұрып қалуы - онсыз да болашағы бұлдыр жастың ертеңі жайында оқырманды ойға қалдырады.
Сөз соңында айтарымыз, повестің тілі жатық, түрлі оқиғалар әсерлі баяндалған, кейбір тұста еріксіз езу тартқыза отырып, тұтас бір дәуірге тән жағдайларды жалғыз тәуліктің ішіне сыйғызып жіберген.
Сол арқылы жазушы ол дәуірдің бір күндегідей өте шыққанын, саналы адамның өкінетіндей түгі жоқ екенін шыншылдықпен бергені соншалық, «осы біз қандай дәуірде өмір сүріп отырмыз» деп кәдімгідей ойға батады екенсің.
«Жас Қазақ» газеті.