Бақыт Кәрібаева
филология ғылымдарының
докторы, профессор
ӨРЕГЕ ӨРІС АШҚАНДАЙ
Әлібек Асқаровтың «Стон дикой долины» атты романынан мен өзім үшін аса қажет, соны дүниелер таптым.
Көркемөнер жаңалығы – тыңнан құдық қазуда емес. Қара сөзге де, лирикалық шығармаларға да арқау болып келе жатқан көне тақырып. Ал Әлібек оны өз көркемдік көзімен көріп, өз философиясымен бағамдайды. Сөйтіп оқырманның да жаңа бір ой көзін оятады.
Оралхан Бөкей шығармаларының тұщымды өзгеше әсермен санамда қалғандығынан ба, әйтеуір өз басым өр Алтайға ыстық ықыласпен ынтыға қараймын. Сондықтан Әлібектің орыс тіліндегі аталмыш кітабын сол үмітпен қолға алғаным да рас. Мұндайда жазушы қазынасы көбіне шығарма астарында жатуы, оқырман толғанысы мен толғағына ұласуы бір ғажап дүние ғой.
Иә, Алтай – тұнған тарих. Қайталанбас сұлулық. Ғажайып тағдырлар тұрағы - өнер мекені. Мен Әлібектің кітабын оқу үстінде осыны бар жүрегіммен қабылдадым, сөз өрнегінен қанағат қайырдым. Ең бастысы, қатардағы оқырман ретінде кітап оқып, рахаттанып бір дем алдым.
Ал қаламгер ретінде жалпы ұғымдардан гөрі, құлағыма қоңыр қаздың жалқы үні жеткендей болды. Оның да себебі сол, Алтайға қызығып қана емес, оның бар бояу реңкін Исаның «Желдірмесі» камертонында сезінетінімнен болар. Әрине, оны ғажайып симфонияға айналдыруға да болатын еді... Осыны аңсау шығар, өзім мезгіл-мезгіл оралып оқитын Оралхан Бөкейдің «Мұзтауына» да міне, ойша оралып отырмын. Алтай аясында Ақтан емес, өзім отырғандай күй кешкенімді де жасырғым келмейді.
Осындай алабөтен көңіл күй сыйлағандығынан шығар, Қалихан Ысқақты, Оралхан Бөкейді, Әлібек Асқаровты кезеңіміздің қабырғалы қаламгерлері деп қана емес, Алтайды арда емген төл перзенттері деп те қадірлеймін.
Бұлардан Алтайда туып, Алтайын ғана танитын шектеу көрсем, бәлкім бүйтпес те едім. Тума талант қашанда бойдан асып, бетті шарпып тұратыны бесенеден белгілі ғой. Әрине, Арқада отырып Атырауды жазу, әйтеуір жазу – қалам қарымына көрсеткіш бола алмайды. Ал талант құдыреті – Құрманғазы күйлерінің аймаңдайы – Сарыарқа ғой. Сондықтан да талант – халық қазынасы. Талант қана шідер үзіп, кеңістікке көсіле алады.
Осылайша менің Әлібек Асқаровтың «Стон дикой долины» деген поэтикалық тіркесі, қазіргі проза үлгісінде жазылған сауатты туындысымен үндескенім сондай, көмейде кептелген біраз ойдың жарыққа шығуына ықпал етті.
Тіпті қазір Әсеттің орман-тоғайды жамыратқан ащы айқайын өзгеше шабытпен тыңдай түсуге бейілмін. Ол құдырет те Алтайдан келді-ау сірә, әншіге деген ойға келемін.
«Егемен Қазақстан» газеті.