Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » ӘЛІБЕК АСҚАРОВТЫҢ «ӨР АЛТАЙ, МЕН ҚАЙТЕЙІН БИІГІҢДІ...» ПОВЕСІ САПАРБАЕВА Қ.Ж., БЕГАЛИЕВА Р.Н.

ӘЛІБЕК АСҚАРОВТЫҢ «ӨР АЛТАЙ, МЕН ҚАЙТЕЙІН БИІГІҢДІ...» ПОВЕСІ САПАРБАЕВА Қ.Ж., БЕГАЛИЕВА Р.Н.

29 апрель 2017, Суббота
4 401
0
Авторлар Ә.Асқаров шығармашылығындағы «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» деп аталатын повестің маңызына тоқтала отырып, ол туралы белгілі сыншылар мен әдебиеттанушылардың пікірлерін келтіреді. Сондай-ақ жазушының нарық дәуіріндегі қазақ ауылын суреттеудегі шеберлігіне талдау жасайды. Кілт сөздер: хикаят, өр Алтай, қазақ ауылы, қайта құру, кен қазу, тәуелсіздік кезеңі, ауыл шындығы, психологиялық проза.

Ә.Асқаровтың жазушылық әлемінде Хан тәңірісіндей алыстан менмұндалап тұратын еңселісі, көрнектісі – оның «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» деп аталатын повесі. Осы аттас кітап «Ұлттар» баспасынан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жарық көрді. Әдебиетші ғалымдар тарапынан «бүгінгі қазақ әдебиетінің даму процесіндегі айрықша атап өтетін шоқтықты шығарма» деп танылды. Он томдық қазақ әдебиетінің тарихы «Эпикалық кең тынысты, лирикалық сыршыл бұл дүние роман жанрына жатады» деген жанрлық анықтама береді.  

«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы 1987 жылы жазылған. Бұл кітаптың бірінші бөлімі 1988 жылы аяқталса, екінші бөлімі мен үшінші бөліміне 1994 жылы нүкте қойылыпты [1]. Ізденгіш қаламгер шығарманың иін қандыруына уақытты тиімді пайдаланған.  Жазушының бұл повесі тәуелсіз еліміздің береке-бірлігіне қатысты көп мәселелерді көтерген. Қоғамдық салмағы күшті проблемаларды, ескісін де, жаңасын да, қазақ ауылының күнделікті қоңыр тұрмысынан, әр кейіпкердің өзіне ғана тән мінезінен, әпенділеу қылығынан, бейкүнә іс-әрекетінен сығымдап өндірген.
Жазушының шым-шымдап жеткізуінен байқалатыны – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңнің қатал сынағында жатыр екен. Повестің өзегіне айналған проблема тек өтпелі дәуірдің қиыншылықтары тұсындағы тұрғындар психологиясын ашып көрсетумен шектелмейді, жазушы қазақы рухтың сақталып қалуы мәселесіне де мүмкіндігінше назар аудара білген. Бір жағында қазақы сананы қаймағын бұзбастан қалай сақтап қаламыз деген мәселенің ұшығы көрініп тұрса, екінші жағынан жастардың қалалы жерлерге ұмтылысы, тұрғындардың қалаға шоғырлануы (урбанизация) сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шығады. Проблеманың ең бастысы – нарық дәуіріндегі қазақ ауылының ендігі тағдырына алаңдаушылық. Повесть үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «қайта құру» кезеңіне дейін «қазақтың құт дарыған қасиетті қонысының бірі» болған Төртінші ауылды сипаттаумен басталады.  
Кезінде үш көшелі, жүз қаралы үйі бар Айдарлы ауылында бар-жоғы жеті үй, сегіз отбасы қалады. Кейін Төртінші бригада аталып кеткен ауылдың әр кейіпкері – өзінше бір әлем. Олар – төменгі жақтағы Мұқырға көшіп кеткен ауылдастарының артынан түрлі себептермен кете алмай қалған жандар. Бұл – «қайта құру» кезеңіндегі әр ауылдың басынан өткен қасіретті жағдайлар.  
Кітаптың бұл бөлімі «Қазақтың ордалы бір ошағының оты сөніп бара жатты» деген сөздермен аяқталады.  
Хикаяттың екінші, үшінші бөлімдерінде Мұқыр ауылының өмірі баяндалады. Бұл ауыл Төртінші ауылдай емес, әжептәуір үлкен. Кейіпкерлердің санының көптігімен бірге сюжеттің көлемі де ұлғайған. Тұрғындары да қарапайым адамдар. Олар да оқырманның жүрек төрінен орын алатын асыл адамдар. Ағайынды Нұрғали мен Жанғали, Мырзахмет, Қазтай, Әмір ақсақалдар, тіпті орыстанып кетсе де қазақ ортасына өзі ізденіп келген Лексей де осы жерге перзенттік махаббатымен берік байланған. Олардың астарлы юмормен өрнектелген тағдыры еске түсіп, еріксіз жымиясың. Жазушы тұнып тұрған әдемі юмор арқылы азынаған азап пен қасіретті жырлайды.
Шығарманың соңында ел жарасының ауызы тырналғандай замана келбеті кескінделеді: «...Үлкендерге ұлағат, кішілерде ізет қалмай барады бүгінде. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуір бәріміз де тышқаншылап, ұсақталып кеттік, білем», – деген Бектемір ақсақалдың толғанысы, «Жастардың бәрі қағынан жеріген құландай қалаға қашып жатыр. Түзден тоят іздеседі...», – деген Орынбайдың күрсінісі қазіргі таңдағы ел ахуалын сипаттап тұр. «Кеңестік дәуірдегі жетпіс жылда қазақ халқының ұлттық генофондының деградацияға ұшырағаны» жайлы өзекті ұлт проблемалары – мұқырлық ақсақалдардың жүрек түбіндегі қайғысы.
«Әлібек Асқаров қалам ұшындағы бір нүктеден шартарапқа күн сәулесінің кірпіктеріндей сызық тартып, бүкіл қазақ даласын қамтыған.  
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы елімізде қоғам мен қоғам ауысқан өтпелі өмір шындығын көрсетуге арналған бұл шығармада, бір қарағанда, асып бара жатқан оқиға, шендескен конфликт жоқ. Бар-жоғы бір ауылдағы аздаған адамдар арасындағы тірлік. Бірақ нағыз қазақы, аңқау да албырт, «өгіз бұзаулады» десе, өлердей сенетін адамдар өмірі. Жазушы сол тірлікті, өткеннің өзекжарды шындығын бүгінгі беймаза жағдаяттармен жалғап, оқиға өрбітеді. Мұндағы қаламгер тілі өте шебер, тек Алтай өңірінің сөздік қоры емес, күллі қазақтың шұрайлы тіркес, әдемі афоризмін осы шығармадан көруге болады. Бұл қаламгердің шығармашылық ізденісі мен терең білім, жазушылық қарымының кеңдігін байқатады. Егер әділіне бақсақ, аталған хикаят – жаңа қоғамның алғашқы сәттегі қиындықтары мен болмысын барынша ашып көрсеткен өте сәтті шығарма» [2, 45].
Ә.Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы жайында заңғар жазушыларымыздың бірі Шерхан Мұртаза былай дейді: «Лев Толстойдың «Қажымұратындағы» соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай ауылдың жаны сірі, тамыры тереңде, соны көркем әдебиеттен көремін деген кісі осы кітапті оқысын», – деп оқырманға бағыт сілтейді. Ал айтулы ғалым, қазақ зиялысы, білімдары Шериаздан Елеукенов : «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» – тәуелсіздік кезеңі әдебиетінің шұғылалы шығармасы», – деген салиқалы сараптама жасайды. Тарихшы ғалым Бүркіт Аяған болса: «Көзіқарақты оқырман жөнінде «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Бүгінгі қарапайым ауыл өмірін тұрғындардың бастан кешкен оқиғаларын оқырман үшін соншалықты тартымды, қызықты етіп баяндаған мұндай туындылар аз», – деп жазады.
Ал, Жәркен Бөдешев былай деп жазады: «Тәуелсіздік жылдарында елді елең еткізген екі шығарманы атар едім.
Олар – Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы», Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа қырғыны». Екі қаламгердің де білімділігіне, ізденгіш жаңашылдығына тәнті болдым.  
Үшінші шығармаға Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты сүбелі туындысын қосар едім.
Мен осы шығарманы оқығанда, Алтайдың құс қанатын талдыратын ғұлама құздарынан қазақтың рухын жоқтап жүрген қияли қанатты, жігері асау, өзі асыл текті альпинисті көргендей боламын».
«Романға бергісіз хикаят» деп атапты Шерхан Мұртаза кітапқа берген алғы сөзінде. Бір ғана ауылдың тағдырын көрсету арқылы жазушы социалистик өмір салты бұзылып, күллі қазақ аулының жай-күйін, адамдардың қожыраған, колхоздар мен совхоздардағы қиюы қашқан тіршілігін әдем бейнелеген. «Қайта құру» деп басталып, жаппай жекешелендіруге көшкен шақтағы елдің өмірге ене бастаған өзгерістерді жете түсінбей, бұрынғы коллективтік дүние-мүліктің талан-таражға түскенін, адамдардың сана-сезімінде өзімшілдік ұғым етек алып бара жатқанын көріп, жаңалықтарға үрке қарап, алда не боларын анық білмей, дел-сал болған қарапайым еңбекшілерді сол қалпында суреттеген. Осы жайттардың барлығын Әлібек бірде жеке кісілердің тағдырын, бірде бүкіл ұжымның тарихын баяндау арқылы көрсетеді және осыларға деген өзінің көзқарасын әдемі әзілді, жылы бір жанашырлық сезімді араластырып, сырт көз болып білдіреді. Сондықтан оқырман, бір жағынан іштей өкініп, екінші жағынан күліп отырады. [3, 241].
Жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарындағы өтпелі кезеңнің шындығын шығарма арқауына айналдырған жазушының шеберлігі оқиғаны өрбіту, кейіпкерлер болмысын даралау, авторлық баяндаудан барынша көрініс тапқан. Уақыт шындығын көркем бейнелеу қаламгерден шеберлік пен қырағылықты, аңғарымпаздық пен тереңдікті қаншалықты қажет ететінін ескерсек, бұл хикаяның қаламгерге үлкен абырой мен жетістік әкелуі кездейсоқтық емес.
Әлібек Асқаровтың шығармашылық әлемін шұқшия зерттеген бір қаламгер айтқандай, Алтайдың жұмбағын шешу, оның тоғыз қабат торқа шапанының өңірін ағытып, шежіресін «сауу» алты айшылық алыста жатқан жанның қолынан келмесін зерделеген Асқаров белді бекем бұрып, тас түйін дайындалып, асай-мүсейлерін арқалап, жыл сайын туған өлке тылсымдарына қарай сапар шегеді. Саяхатқа емес, Алтайдың ел санасынан, жұрт жадынан ұмытылып бара жатқан жұмбағын ашуға... Ұшар бастарын бұл көмкерген мұз шатқалдардан жанын шүберекке түйіп ары өтеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында вольфрам алынған Көккөл кенішіне барып, сүйектері әлдеқашан шашылып қалған бабаларының аруақтарымен тілдеседі. Соғыс кезінде танктердің броны үшін вольфрам кені ауадай қажет болған. Асудың үстінде, қысы-жазы боран соғып тұратын желдің өтінде, үш мың метр биіктікте адамдар қолдарымен кен қазған. Бұл – Әлібекке дейін ешкім шұқшия зерттемеген жан драмасы. Қашан болмасын, әр қаламгердің жанына жақын өзгелерінен оқ бойы озық тұратын дүниесі болады. Ол, біздің пайымдауымызша, «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» повесі. Алтайдың бір түкпіріндегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, адамдарының күнделікті қам-қарекеті, олардың бір-бірімен қалай тілдесіп, қалай әзілдесетіні, тіпті мінездеріндегі көп көзге түсе бермейтін ерекшеліктерінің өзі сол қалпында жанды бейнеге айналып, қарсы алдыңа келіп самсап тұра-тұра қалады. Тірі жанды жалықтырмайды, қарапайым адамдардың боямасыз болмысы сені де еріксіз елеңдетеді, кей тұстарда рақаттанып күліп те аласың. Ақырында Алтай топырағын басып сол жақта «жүргендігіңді» бір-ақ аңғарасың. Асқаровты салыстырмалы түрде айтқанда, көпсітіп көп те жазбайды, аз да жазбайды. Алдымен «мен не үшін және кім үшін жазып отырмын, осыным біреуге керек бола ма ?» деп өз ойын «мидың мың градустық домнасында қайнатып барып», содан соң ғана қаламға жүгінетін жазушы. Сақ әрі сырбаз. Өзгеге ұқсамаудың жолы осы екен деп, өз бетінше құрғақ қиялданып та кетпейді. Алдымен оқырманның обал-сауабын ойлайды, осы күнгі әлем әдебиетінде болып жататын ізденістерді сана сүзгісінен өткізіп, өзіне ыңғайлысын, ақыры тек Асқаровқа ғана жарасатын соны сүрлеуді таңдап алады. Ә.Асқаров – мыңдаған оқырманның көз алдында жүрген жазушы. Оқырмандары да “Асқаров енді не жазар екен?» деп іздеп жүріп оқылатын жазушы. Ал бұл қалам ұстағандардың кез келгеніне бұйыра бермейтін бақыт» [4, 118].
Шығарма жөнінде академик Серік Қирабаев та өзінің пікірін білдірген: «Бұл – бір ғажайып лирикалық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйылып тұрған сыр. Бейімбетше жазады, сол ұлы жазушының дәстүрін жалғастырады. Дәстүр деген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шындығын жұпыны әңгімелеуден, адамды танып, оның сырын ашып суреттей білуден туады. Ә.Асқаров жас дейтін жас та емес. Бұрын да талай кітаптары шыққан. Мына кітабы да бұрынырақ басылған тәрізді. «Рарирет» баспасы «Қазақ прозасы қазынасынан» деген сериямен қайта басып шығарыпты. Менің қолыма түскені осы болды, шығарманы қызығып оқыдым», – деп жеткізеді.
Алайда шығарманың тақырыбы, суреттеліп отырған өмірі – лирика емес, трагедия. Ол Кеңес өкіметінің соңғы жылдары бір орталықтан басқару жүйесі ыдырап, колхоздар мен совхоздар тарап, қазақ ауылдарының бөлініп-бөлініп, шаруашылығы күйрей бастаған кезең оқиғасына құрылады. Ауыл-ауыл болып жіктеліп, оңашаланған қазақ ортасында ағайындық, рушылдық белең алады. Жастар жұмыс таппай қалаға кетеді. Бөлімшелер мен бригадаларда, мал фермаларында қалғандар, бұрынғы жұмыс орындары жабылып, еңбексіз қалады. Әлі келгендері колхоз, совхоздарға, басқа жаққа қоныс аударады. Жазушы қазақ ауылы үшін үлкен апат кезеңі болған осы бір шындықтың сыры мен шынын суреткерлік пен ашып берген.  
Шығарма оқиғаларын, адамдар тіршілігі мен іс-әрекеті жайлы әңгімелерді Ә.Асқаров көркем тілмен, негізінен баяндап жеткізеді. Үлкен психологиялық суреттер жоққа тән. Жеке кейіпкерлерді біртіндеп еске алып, оның тағдыры жайында әңгімелеген шығармада психологиялық суреттің аздығын байқамай да қаласың. Оның көркемдік күші – бүгінгі қазақ ауылы тұрмыс-тіршілігінің дәл түсірілген суреті мен жеке адамдардың бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі тағдырында. Жазушы детальді ойната біледі. Типтік бейнелер типтік ортада ашылады. Осылардың бәрі ауыл шындығын мүлтіксіз жеткізуге көмектескен.
Әр ауылдың өзгеше тағдыры, өзіндік тарихы болғанымен, қазақ ауылдарының жалпы тіршілік-тынысы, рухы бір-біріне ұқсас келетіндіктен, шығарманы оқи отырып, әр қазақ өз ауылын таниды. Елдік дәстүрдің, қазақы қасиет пен имандылықтың мөлдір бастауы ауыл екенін тағы бір түсінеді. Шығарма желісі үнемі әдемі әзілмен өріліп отырады, сөйтіп, оқырманын әсте жалықтырмайды, ауыл тұрмысы боямасыз шындықпен бейнеленген. Уақыт шындығын көркем бейнелеу қаламгерден шеберлік пен қырағылықты, аңғарымпаздық пен тереңдікті қаншалықты қажет ететінін ескерсек, бұл шығарманың қаламгерге үлкен абырой мен жетістік әкелуі кездейсоқтық емес. Ол – шығармашылық ізденістің, терең білім мен жазушылық табиғатын еркін игерген таланттың нәтижесі. Повесть дер кезінде, дәл уақытында жазылуымен көзіқарақты оқырманның ықыласына, жылы ілтипатына бөленді. Шығарманың төгілген тілі, келіскен әзілі мен ащы мысқылы, жүректі қозғап, жанды егілтер шынайылығы – өз алдына бір зерттеуге жүк боларлық дүние. Қызыл туын ғасырға жуық желбіреткен кеңестік жүйе күйреп, ежелден аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы жылдардың қиындығын дәл осы туындыдай бар болмысымен ашып көрсеткен шығарма сирек. Осы кезеңнің ауыртпалығы, сол қиындықты толарсақтап кешкен ауыл адамдарының мінез-құлқы мен іс-әрекеті, тағдыр-талайы бұл туындыда асқан шынайылықпен тартымды бейнеленген. Автордың шебер әрі шешен баяндауы оқырманын еріксіз баурайды.
Жазушы Ә.Асқаров осы шығармасында өзін қазақ әдебиетінде іргесін Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов секілді майталмандар мықтап қалап кеткен психологиялық прозаның айтулы шебері ретінде көрсете білді.

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры