Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Cерік ҚИРАБАЕВ

Cерік ҚИРАБАЕВ

23 сентябрь 2018, Воскресенье
1 177
0

Серік ҚИРАБАЕВ,

академик

ҒАЖАЙЫП ЛИРИКАЛЫҚ ХИКАЯ


«Өр Алтай, мен қайтейін биі­гіңді»

Хикаят осылай аталады. Авторы – Әлібек Асқаров. 

Жас дейтін жас та емес. Бұрын да та­лай кітаптары шыққан. Мына кі­табы да бұрынырақ басылған тә­різді. “Раритет” баспасы “Қазақ про­засы қазынасынан” деген се­риямен қайта басып шығарыпты. Менің қолыма түскені осы. Оны мен қызығып оқыдым.

Бұл – бір ғажайып лирика­лық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөл­дір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйы­лып тұрған сыр. Бейімбетше жа­за­ды. Сол бір ұлы жазушының дәс­түрін жалғастырады. Дәстүр де­ген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шын­ды­ғын жұпыны әңгімелеуден, адам­ды танып, оның сырын ашып су­реттей білуден туады. Әлібек те осы үлгіні дамытқан. 

Алайда, хикаяның тақырыбы, суреттеліп отырған өмірі – лири­ка емес, трагедия. Ол Кеңес өкі­метінің соңғы жылдары бір орта­лықтан басқару жүйесі ыдырап, колхоздар мен совхоздар тарап, қазақ ауылдарының бөлініп-бө­лініп, шаруашылығы күйрей бас­таған кезең оқиғасына құрылады. Ауыл-ауыл болып жіктеліп, оңа­шаланған қазақ ортасында аға­йын­дық, рушылдық белең алады. Жастар жұмыс таппай қалаға ке­теді. Бөлімшелер мен бригада­лар­да, мал фермаларында қалғандар бұрынғы жұмыс орындары жабы­лып, еңбексіз қалады. Әлі кел­ген­­дері колхоз, совхоздарға орта­лық болған үлкен ауылдарға, бас­қа жаққа қоныс аударады. Жазу­шы қазақ ауылы үшін үлкен апат кезеңі болған осы бір шындық­тың сыры мен шынын суреткер­лікпен ашып берген. 

Хикая оқиғаларын, адамдар тіршілігі мен іс-әрекеті жайлы әң­гімелерді Әлібек көркем тіл­мен, негізінен, баяндап жеткізеді. Үлкен психологиялық суреттер жоққа тән. Жеке кейіпкерлерді бір­тіндеп еске алып, оның тағды­ры жайында әңгімелеген хикаят­та психологиялық суреттің азды­ғын байқамай да қаласың. Оның көркемдік күші бүгінгі қазақ ауы­лы тұрмыс-тіршілігінің дәл түсі­рілген суреті мен жеке адамдар­дың бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі тағдырында. Жазушы де­тальді ойната біледі. Типтік бей­не­лер типтік ортада ашылады. Осылардың бәрі ауыл шындығын мүлтіксіз жеткізуге көмектескен. 

Үш бөлімді хикаяттың ал­ғашқы бөлімі желісінің орталығы – төртінші бригада деп аталған ауыл. Кейінгі бөлімдерде бұрын совхоз орталығы болған Мұқырға ауысады. Әлібек осы ауылдардың тарихы мен адамдары жайлы әң­гімелеп, негізгі назарын бүгінгі күн­нің шындығына аударады. Сол арқылы ауылдағы өзгеріс­терді, оның адам тағдыры мен пси­хологиясына әсерін, орта мен адам әрекетіндегі қайшылық­тар­ды дәл танып суреттейді. 

Төртінші бригада бұрын жүз қаралы үйі бар үлкен ауыл болған екен. Содан бүгін жеті-ақ үй қа­лыпты. Сол жеті үйдің иелерінің тағдыры мен жетім қалған ауыл­дың суреті арқылы Әлібек шаруа­шылығы күйреп, ыдырауға ай­нал­ған қазақ ауылы өмірінің шын­­дығы мен қоғамның қозғау­шы күші болған адамға ие бола алмай, шет қалдырғанын әдемі көрсетеді. Бүгінгі ауыл суреті бір­ден-ақ көңіліңе қаяу салып, жаныңды жүдетеді. 

“Баяғы үш көшенің бойында жүз қаралы үй бар еді, қазір өрт тиген қамыстай селдіреп, одан жетеуі-ақ қалған. Қарайып жұрт­та қалған жетеуінен басқасы бұр­на­ғы жылдан бастап етектегі Мұ­қыр жаққа үздік-создық көшіп ке­тіскен. Ең соңғысы былтыр ең­кей­ді. Көшкеннің бәрі бөренесін таң­балап, мұндағы үйлерін бір­тін­деп тасып алысқан. Қазір ауыл­дың іші қотыр тайдың жон ар­қасына ұқсайды, ойдым шұң­қыр, қағылған қада, күйген бө­рене” (10-б.).

“Ескі көздің айтуына қара­ған­да, осы ауылдың ежелгі аты “Айдарлы” екен. Болса, болар, бұл ауылдың Алтай жарықтық­тың айдарындай тынысты ортада, ырысты жерде тұрғаны рас. Түс­тік қанатында сыңсыған орман, қара орманның төрінде ұшар басы күмісше жалтырап Ақшоқы қасқаяды. Бір бүйірінде текше­лен­ген жартасты жон. Текше­лен­ген жартастардың биігінде жел­мен шулап самырсын мен бал­қа­рағай жайқалады. Ақшоқының алқымынан демалған Талдыбұлақ ауылға жете арынын басып, бұ­раңдай аққанымен, төменірек тұс­та жартастан өкіре құлап гү­ріл­деп жатыр. Гүрілдеген осы сарқыраманың аржағында, сонау майсалы машақтың төсінде суы шәрбат Құндызды көлі жатыр айнадай жарқырап” (11-б.).

Осы екі сурет Алтайдың әдемі табиғаты мен оның сәнін бұзып жатқан қазіргі ауылдың қайшы­лықты бейнесін көз алдыңыздан өткізеді. 

Бүкіл қазақ ауылы сияқты Ай­дар­лы да заман тәртібін айна­лып өтпепті. Кеңес салтымен ол әуелі “Коммуна” болып атын өз­герткен. Одан шағын колхоз үл­кен шаруашылыққа қосылып, соның бір бригадасына (төртінші бригада, төртінші ауыл) айнал­ған. Енді сол бригада да жабыл­ған. Бригаданың жабылуы жап­пай жұмыссыздық тудырып, ел көше бастаған. Қалған жеті үйде оқитын бала жетіспей, мектеп жа­былады, кешікпей дүкен, дәрі­герлік пункт жұмыстарын тоқта­тады. Осының бәрі жеті үй тұр­ғындары ортасында әрқилы әң­гіме, наразылықтар тудырады. Берекесіздік белең алады. 

Шығарма сюжетін жеке адам­дардың тағдырына құру арқылы үлкен заманалық шындықты ашу әдісі әдебиетке бұрыннан да жат емес. Оның кейбір үлгілері Бейім­беттің өзінде де кездеседі. Баяғыда В.Со­лоухиннің “Шықтың тамшы­сы” (“Капли росы”) деген кітабы шығып, мақталып жатқанда, менің оны оқып көңілім құлазығаны бар. Сонда ескі дағдымен одан драма­лық тартыс пен ұнамды-ұнамсыз адамдар қақтығысып, әдебиет тео­риясы үйреткен композицияның басталуын, шарықтау шегін, шеші­луін іздеппін. Өмірді үйреншікті формалардан басқа да жолдармен кең суреттеуге болатынын алпы­сын­шы жылдарға дейін түсіне қой­мадық қой. Кейін әдебиет қа­лыптасқан стандарттан шығып, өмір­дің өзіндей алуан түрлі үлгі­лерде жасалғаны мәлім. 

Әлібек осы лирикалық проза үлгісінде жұртта қалған жеті үйдің адамдарын суреттеу арқылы көп дү­ниенің сырын аңғартқан. 

Ауылдың бас көтерер адамы – Мэлс атты мұғалім. Мектеп жабы­лып, ол да жұмыссыз қалған. Әрбір мекеменің жабылуы, үйреншікті тіршіліктің бұзылуы кезінде “ай­там”, “жазам” деп кіжініп қояды. Бірақ қолдан келері жоқ. Бригадада бар жалғыз телефон да, ауылға жа­рық беріп отырған мотор да кетті. Күнделікті сөйлеп тұрған радио да сөйлемей қалды. Осының бәріне деген халықтың көзқарасын білді­ретін де, күйініп көзге түсетін де Мэлс. Жұмыссыздық алдымен Мэлс басына түседі. Ауылдың қал­ған адамдарының көбі – шалдар. Олардың зейнетақысы бар. Ал Мэлсте ол да жоқ. Жұмыссыз адам­ның тіршілігі құрысып, ешбір ісі алға баспай, берекесіздікке тап бо­лады. Жұрт қатарлы саяжай са­луды да, теледидар көруді де ар­ман­дайды. Бірін жасау үшін мате­риалдың жоқтығы, екіншісін іске асыруға биік антенна тұрғызудың қиындығы бөгет жасайды. Тағдыр оны тығырыққа тіреп тұрғаны бай­қалады. 

Ауыл адамдарының қай-қайсы­сы болса да, осындай. Мэлстің ата­сы Қасиман бір кезде атақты ағаш­шы болған. Соғыс кезінде де ағаш дайындау үшін броньмен қалды­рыл­ған жұмысшы екен. Қабден ақ­са­қал да соғыс кезінің қиын­шы­лы­ғынан өткен жуас, ақкөңіл, аңқау, қоғамға пайдалы еңбек атқарған. Байғоныс балташы – ағаштан түй­ін түйген ісмер. 40 жыл шопан бол­ған ардақты малшы Кәрім, пош­та­шы Сәлима – бәрі де жасы ұлғай­ғанмен, еңбектен қалмаған, ауыл тіршілігінің әр саласынан өз орнын тапқан адамдар еді. Бәрі де үйге қамалып қалды. Моторист Сәрсен, Метрей шал өз көңілдерін арақтың ащы суымен басып, олар жүр. Ба­ла-шағаның тамағына ақша таппаса да, көңіл көтеруге бірігіп шөлмек­тің бағасын құрайтын әдет бұл ауыл­дың азаматтары бойынан да табылады. 

Бірақ өмір жүрісінен жаңыл­май­ды, ақырындап сырғып өтіп жатыр. Жұртта қалған жеті үй де тіршілігін тоқтатпаған. Алайда, ол – келешек үшін жасалып жатқан тіршілік емес, өлместің қамы. Сырт­қы әлем оларды ұмытып кет­кендей. Ауыл сыртындағы сыңар­аяқ соқпақ қана оларды елмен жал­ғастыратын сияқты.

Мұқырдағы тіршілік те осыған ұқсас. Бірақ үй саны, тұрғындары көптеу. Бригададан көшкен елдің біразы осында жиналған. Ауыл аты сол жерден ағып өтетін өзен аты­мен қойылған. Бұрын дүрілдеген совхоз орталығы болған екен. Бұл күнде совхоз тарап, “Аренда”, “Ша­руа қожалықтары” болып бө­лін­ген. Мектебі – орысша. Ала-құла адамдар, ала-құла тіршілік. Басшысы – тілін шайнап, түкірігін шашырата сөйлейтін, ашуланшақ Түсіпхан шайқалған шаруасын рет­ке келтіре алмай, ауыл сыртындағы қара жартаспен (ел оны “Тасшоқы” дейді) алысып жүр. “Осы Тасшо­қыны қопартып тастамасам, Түсіп­хан атым құрысын... Осы жартас болмағанда күн бізге бір сағат ерте түсер еді. Малымыз бір сағат ерте өріп, жұмысқа бір сағат ерте шығар едік” деп ашу шақырады.

“– Солай ма еді.

– Солай.

– Қызық екен.

– Несі қызық? Көрмейсің бе? Жан-жағың анталаған қара орман, қалың тау... Қалқалап, мешаит етіп, күн жарықтықтың көзін де жөнді көрсетпейді, жылуын да жеткіз­бейді бұл Тасшоқы. 

– Апырымай, ә?

– Осындай биік шыңның ете­гіне әкеп ауыл салып жүрген кім өзі? Совхоздың таңертең бір саға­ты, кешке бір сағаты зая кетіп жүр... Бәріне кінәлі осы Тасшоқы!” (105-б.).

Жазушы қиюы қашқан тір­ші-ліктің барлық пәлесін Тасшоқыға жауып отырған халықтың психо­ло­гиясына жылы юмормен қарайды. Бастықтың ыңғайымен бәрі Тас­шоқыны жамандайды. Біреудің шө­бі шабылмай қалса, біреудің отары өрмесе, енді біреудің сиыры мерзі­мімен табынға қосылмаса, бәріне Тасшоқы кінәлі болып шығады. Рах­ман тентек мезгілінде дүкенге арақ түспесе, ол үшін жарты сағат бойы Тасшоқыны боқтайды. Ауыл басшысынан шыққан осы қысыр әң­гіме шаруасы жоқ ауылдың бе­ре­кесіздігінің айқын куәсі болған­дай. 

Мұқырдың тұрғындары – тү­гелдей қазақтар. Орыс атымен жоқ. Орыс ортасында өсіп, еліне оралған Алексей (Алдаберген) мен оның келіншегі Ольга (Орынша) қалың қазақтың ортасына түсіп, қиналып жүріп, олар да қазақша сөйлеп ке­теді. Дегенмен, үйренген әдеті бо­йын­ша шошқа ұстап күн көреді. Олар­ды ешкім де сыртқа теуіп жат­қан жоқ. Соған қарамастан, Алтай ауылдарының салтымен Мұқыр мектебін орыс тіліне көшірген. Орысша оқыған қазақ балалары ана тілінде сөйлегенмен, жаза алмайды. Бұл да қазақтың проблемасы. 

Мұқыр тұрғындарының бейнесі де хикаяда қызықты ашылған. Әр адам – бір-бір тағдыр. Бірін-бірі қайталамайды. Кержактар орта­сын­да өскен Алексей солардан үйреніп келген бұқамен жекпе-жекке шығу ойынын көпке көрсетемін деп, екі қабырғасы мен бұғанасын сынды­рады. Қазтайдың арақ ішіп, аузын­дағы алтын тісін жұтып қоюы, Мыр­захметтің аң аулап жүріп аюға құ­рылған апанға түсіп кетуі, Тас­шоқының ұшар басы екеу, қос емшек болатын деп таласатын Қа­на­пия қылығы, Нұрпейіс пен Бе­к­темірдің “құдалығы” және қал­жың­дары қазақ ортасында қазақы мінез тудырған бір жағы күлкілі, екінші жағынан трагедиялық құбы­лыстар. Осы қатарға Ақдәулет пен Қазтайдың балаларын ауыстырып алуы сияқты сирек оқиғалар да кіреді. 

Бектемір молда бейнесін жасау­да жазушы халықтық дәстүрлердің тәжірибесіне, әзіл-қалжың салтына сүйенген. Ақыл-парасаты мол, көр­ген-білгені де көп, айла-шарғысы да, қулық-сұмдығы да мол қарт өмір­ден түйген ой-байламы бойын­ша әрекет етеді. Жұрт әзіл-қал­жың­ның бәрі де Бектемірден қал­ған дейді. Оның Нұрпейісті алдап бұғыға мінгізіп құлатуы, екінші жо­лы балқарағайдың биік басына шы­ғаруы құрбысының мертігіп, ауру­лы болуына себеп болады. Нұр­пейіс те ақысын жібермейді. Жыл­қы бағып жүргенде Бектемірге боза деп терінің иін ішкізіп, есікті жау­ып кетіп масқаралайды. Одан соң жылқыдан ерте қайтқан Бектемір Нұрпейісті аң аулап жүргенде аю шауып өлтірді деп естіртеді. 

Қазақтарда қалжыңның осын­дай түрлері де болған. Әуелде өкпе­лескенмен, мұндай қалжыңға қаты­сушылар кек тұтпаған, біріне бірі кешіріммен қараған. Осыны оқып отырғанда, менің есіме Аманжол Шәмкенов марқұмға әйелің өлді деп естірткенім түсті (ол жөнінде ес­теліктерімде жазғам). Дөкірлеу бол­ғанмен, осылар да қазақы мі­нездің көріністері. 

Ел ыдырап, жұмыс орындары жа­былған кезде ескі жұртта қал­ған­дардың көбі жасы ұлғайған адамдар болғаны хикаяда анық көрінеді. Жоғарыда аталған Бектемір мен Нұрпейіс те осы топтан. Олардан бас­қа Әмір, Метрей сияқты соғыс ардагерлері бар. Майданнан қатты жараланып, есеңгіреп қайтқан Әмір қарт күні бүгінге шейін ешкіммен шешіліп сөйлесіп, күліп, сыр аш­қан адам емес. Ол соғыс шынды­ғы­мен өмір сүреді, майдандас жол­дастарын жиі еске алады. Коман­дирінің атын есіне түсіре алмай көп қиналады. Мұқыр ауылында Ұлы Отан соғысының құрбандарына ескерткіш қойылмаған екен. Әмір өзі ағаштан ескерткіш жасап, оған алдымен майдандас жолдастары­ның атын, содан соң осы ауылдан кетіп, қайтпаған ардагерлердің есім­дерін жазады. “Мен сендерді еш­қашан ұмытпаймын”, дейді. Бұл ескерткіш басына жиналғандар та­ра­пынан әрқилы пікір туғызады. Оның тізімін әркім өз білген­дері­мен толықтырады. Ескерткішті ке­йін біреулер жұлып тастайды. Ауыл­дағы бүгінгі өмір өткен апат­тың құрбандарына осындай “құр­мет” көрсетуге жеткізеді. 

Соғыс трагедиясын ашуда Мең­сұлу мен Тұрғанбек тағдырлары ерекше орын алады. Бұл екеуі жа­расып, сөз байластырған жастар екен. Тұрғанбек майданға атта­нар­да, Меңсұлу “Маған үйленіп кет” деп қинайды. “Мен мерт болсам, күнің не болады?” деген Тұрғанбек күдігіне бой бермейді. “Мен сенің тілеуіңді тілеп, күтіп отырамын. Май­дандағы азаматтың үйде жары қалса, оған ғайып ерен қырық шіл­тен қорған болады” деп үгіттейді. Сөйтіп үйленіп үш күннен соң соғысқа аттанған Тұрғанбек қайт­пайды. “Хабарсыз кетті” деп хабар алған Меңсұлу оны өмір бойы кү­тіп өтеді. Бойына бала бітіп қалған екен, соны туып, өсіреді. Баласы университет бітіріп, отау тігеді. Көрікті келіншекке қызығушылар да, шын ниетімен үйленгісі кел­гендер де аз болмаған. Меңсұлу бір­де-біріне көнбей, Тұрғанбегін күткен. Ауылда елмен бірге жұмыс істеген. Ұлғайған. Өмір өтіп бара­ды, соғыс әлдеқашан өткен. Тұр­ған­бегі әлі жоқ. Сол кезде ол өз еркімен суға кетіп өледі. Өлерінде баласына, ел-жұртына ризалық айтып, өз байламын сөкпеуін өтініп хат жазып кетеді. “Енді мені ұста­маңдар, балаларым! Тұрғанбегімді, сендердің әкелеріңді күтумен өттім, оны өлердей сағындым. Мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін, әкелеріңді күтемін деп әбден шар­шадым, тоздым. Бұдан әріге шыдай беруге төзімім таусылды, қуатым сарқылды. Мен үшін Тұрғанбексіз мына өмір тұл екен. Ақыры әке­лерің келмеді. Енді әкелеріңе өзім барайын деп бекіндім” – депті ол келіні мен ұлына қалдырған амана­тында. 

Қандай аянышты, күшті рухты танытатын махаббат құрбаны. Үш күн бірге өмір сүріп, өмір бойы соны малданып, болашағынан кү­дер үзбей, ақыры дағдарысқа ұшы­раған ғашықтық сезім, сағыныш оны жарын іздеуге әкетеді.

Адамдардың рухани биіктігін көрсетуде Әлібек осы сияқты ға­шықтар тағдырына көбірек көңіл бөледі. Дәметкен мен Жанғалидың өмірі де аянышты әрі қызықты. Бір-біріне ғашық болып қосылып, ширек ғасыр өмір сүрген, бала-шаға өсірген екеуін қоғам алма­суының қиыншылығы, заман қыс­пағы айырады. Ұлы Нұржанның Ауған соғысында қайтыс болуы салдарынан сезімтал Дәметкен ұзақ ауруға шалдығып барып қайтыс болады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Алайда баланың талантты, сүйікті болып өсуі, жоғары мек­тепке оқуға түсуі, екі жылдан соң әскерге шақырылып, Ауғанстанда жұмбақ жағдайда қайтыс болуы, оның сүйегін әкелген әскери адам­дардың табытты аштырмай бітеу күйінде жерлетуі нәзік жанды Дә­меткенді күйретіп кетеді. Ол: “Мүмкін, ол біздің Нұржан емес шы­ғар”, деп күдіктенеді. Көре ал­ма­ғанына, бетінен сүйе алмағанына өкінеді. Содан аурулы болады. Айда­ладағы жалғыз үй малшының тіршілігі де жеңіл емес. Осыларды көтере алмаған Дәметкен Жанғали малда жүргенде, иесіз үйде құлап қайтыс болады. 

Жазушы Дәметкен мен Жан­ғалидың жас кезін, өнерлі қыз бен жігіттің кәсіп қумай, жастығын қызықтағанын әдемі еске алады. 

“– Қызбен уағдаласып жүріп, құда түсеміз, қолдан аламыз деп отырғанда алып қашты, – дейді ағасы Нұрғали... – Отау тігіп бөлек шыққан соң Дәмешімнің өнері жетеді деп, Құдай берген өз өнерін тастап кетті... Дәмештің дауысына ауыл тарлық етеді, Дәмешке кең сахара керек деп, тракторын тастап, қойшы боп, алыс Займкеге көшіп кетті... Осыдан кейін Жанғалиды қалай әпенді демессің” (117-б.).

Амал бар ма! Басқа қонған ба­қыт­тың да, ас та төк нөпір қуа­ныш­тың да шегі болады. Ел ара­сында Қозы мен Баян, Ромео мен Джульетта аталған екі өнер иесінің бақытты шаңырағы бір жылдың ішінде ортасына түседі. Хикаяның ең бір ауыр оқылатын беттері – Жанғалидың айдалада жалғыз үй шопан қыстағында, қысқы боранда өлген Дәметкенін күзеткені. Қой төлдеп жатқан кез. Осындай жан-жақты қыспақтың ортасында өткен үш күн оқиғаларын жазушы үлкен психологиялық суретке айналдыр­ған. Дүниенің бәрін ұмытып, мең­дуана жегендей мәңгіріп қалған Жан­ғалидың жан дүниесі оқыр­манын да күйзелтпей өтпейді. Қо­ғам алдындағы жауапкершілікті тү­сінетін есті жігіт күндіз ашық қора­да қалған мал есіне түсіп, сүйре­тіліп сыртқа шыққан. Оның түні бойы кірпік ілмей малын жайлауы, сөйте жүріп Дәмешпен іштей тілдесуі, онымен өткен қызықты күндерін, жарының қылығын еске алуы адам жанының түпкі сыр­ларын қозғайтындай. “Мұның қасі­реті – жеке бастың қайғысы. Ал қоғамның малы қырылып қалса – бүкіл совхоз, ел-жұрт қарабет бола­ды. Осы ой тежеу болып, ашуын сабырға жеңдіреді” (122-б.), – дейді жазушы. 

Дәмешті жерлеген соң малын өткізіп, ауылға көшіп, зейнетке шық­қан Жанғалидың күн ұзын Жал­бызды бұлақтағы жарының қасынан шықпай қойғаны да оны әпенді санаған жұрт көзіне тым оғаш қылық еді. “Бас құрасын” деп кісі салған Нұрғалидың ақылын да тыңдамай, ол қалған өмірін Дә­меш­тің моласын күзетуге арнай­ды. “Жанғалиды қашан іздесең де сол Жалбызды бұлақтың басынан табасың”. Бұл – әпенділік емес, адал, шын махаббатты құрметтеген сезімнің көрінісі. “Қатын өлсе, қам­шының сабы сынды” деп түсі­нетін жабайы қазақ оны қайдан тү­сінсін! Осындай биік сезім иеле­рінің тағдыры екінің бірінің маң­дайына жазылмаған. Әлібек осыны танып, суреттей біледі. Хикаяны қы­зықты етіп тұрған да осы сияқты күшті характерлер мен тағдырлар. 

Осымен бірге Әлібек жапандағы жалғыз үй малшының қадірсіз өмі­ріне назар аударады. Ауылдан кө­мек­ке келеді деген кісісі келмей, өл­ген Дәмешін үш күн күзетіп, әрі малына қарауға күш тапқан Жан­ғали трагедиясы – жалғыз малшы­ның аянышты күнкөрісін де еске салады. Малшыны сақтау, оның жағдайын жасау деген біздің қо­лымыздан келмей-ақ қойды. Қазақ малшыларының өміріне өзгеріс керектігін “Өскен өркенде” М.Әуе­зов те жазған еді. Түзелген ештеңе жоқ. Жастар ауылдан да, малдан да безіп кетті. “Шопан болу менің қолым емес екен, бүйтіп қысы-жазы қой соңында салпаң­да­ғанша, мен механизатордың оқуы­на барамын” деп Нұрға­ли­ұлы Нұрланның Жанғалиды жал­ғыз тастап кетуі де осы шын­дық­тың көрінісі. 

Хикая осындай пробле­малар­мен де қызықты. Ондағы тағ­дырлар адамдардың өз қағида­тына беріктігін, адалдығын, сол үшін күресе алатынын танытады. Тіпті жұрт “арызқой” атандырып жіберген Орынбайдың өзі – қа­ғидаттың адамы. Ол елін, жерін, байлығын қорғау үшін шын­дықты жақтап арыз жазады. Ауыл, аудан басшылары шеше ал­маған мәселені жоғарғы жақ­тың алдына қояды. Оны “арыз­қой” атандырып жүргендер – сол жоғарыдан келген тексеру­шілер. Әділет, шындық жолымен қарасаң, Орынбайдікі дұрыс. Оның Мұқырдың Күреңбел деген құйқалы жерін басып алып, рұқсатсыз застава салған шека­рашылармен таласы да совхоз жерін қорғаудың амалы еді. Ол үшін өзі жаза тартты, таяқ жеді, қудаланды. Кешегі өкіметтің, кешегі әскери адамдардың әлім­жеттігі қандай болғанынан ха­бардар боласыз. 

Көп жыл ауыл басшылығында қызмет етіп, халқына жаққан Мыр­захметтің бейнесі де әділ­діктің, қарапайымдылықтың, қо­ғам мүлкіне адалдықтың символы сияқты. 

Қазақтардың ішкі қарым-қа­тынасы, көрші-қолаң ағайынның күндестігі – хикаяда көтерілетін негізгі тақырыптардың бірі. Негі­зінен даугер емес, пәледен басын алып қашып, “Қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде” деп үйренген халықты пыш-пыш сөз ушықтырып, аяғын дау-жанжалға айналдырып жіберу де ел ішінде кездесіп қалатыны бел­гілі. Мұқырда да осындай оқиға­лар аз болмаған. Кезекті дау мек­тепке ат берумен байланысты басталады. Кітапханашы Дәулет­хан 20-30-жылдары колхоз құ­рып, мектеп ашқан, ауылды бас­қар­ған, кейін соғыста өлген Қа­ратан Қарамендиннің атын беруді ұсынып, мақала жазады. Екінші мақаланы мектеп мұғалімі Оралбек жазып, сол мектепті ұйымдастыруға тікелей қатысып, көп жыл директор болған, 50-жылдары сол қызметінде қайтыс болған Ералы Сағынаевтың атын атайды. Ұсынылған Қарамендин мен оны ұсынған Дәулетхан қыз­ғалдақ руынан, Ералы мен Орал­бек қамай руынан екені анық­талады. Әрқайсысы өз руының адамдарын ұсыныпты. Әуелде олар осылай ойлады ма, жоқ па, оны кім білсін. Бірақ сөзқұмар көпке Қанапия ой тастап, дә­лелдейді. Ел ойланып қалады. Бұрын ру сұраспай ағайын болып жүрген елдің арасына жарықшақ түседі. Адал адамдар бұл әңгімеге қарсы шығады. 

– “Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар” деген, Қанапия. Сен жұрттың ниетін жа­манатқа бастама, – дейді Нұр­ғалидың бәйбішесі тіксініп.

– Қамайы не, қызғалдағы не? Сен, Қанапия албасты, ман­тырама. Қан араласып, бәріміз де баяғыдан ағайын жекжат болып кеттік емес пе? – деп әңгімеге Нұрғали да араласады. 

Бірақ әңгіме мұнымен біт­пейді. Ел екіге жарылады. “Мен қазақпын, мен коммуниспін” – деп Мырзахмет өз басын ала қа­шады. Мұқыр дауы көрші ауыл­дарға жетіп, Аршалы мен Берел­дегі ел алатайдай бүлініп, өзара қоғамдасады. Екі рудан шығып қосылған жас жұбайлар әрқай­сысы өз жерлестерін жақтап, айы­рылысуға дейін барады. Ішімдік ішіп қолға түскен Қазтай (қамай) милиционер қызғалдақ жігітке “Сен қызғалдақтық жаса­дың” деп айғай шығарады. Бұ­рын­ғы ағайын ел бір-біріне се­нуден қалады. Пәлені бастаған қыз­ғалдақ Дәулетхан ауыл эн­циклопедиясына қамайларды жамандап қоюы мүмкін деп, оның қағаздарын ұрлауды ұйым­дастырады. Сөйтіп, қызғанған­дары қызыл итке жем болып, жоғарғы жақ мектепке М.И.Ка­линин атын береді. 

“Үлкендерде ұлағат, кішілерде ізет қалмай барады бүгінде. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуір бәріміз тышқаншылап, ұсақтап кеттік” – дейді хикая­ның соңында Бектемір ақсақал. Бұл – заманға да, заман адамына да қарата айтылған сөз. 

Мұндай ой түйіні жазушы ұстанымын да аңғартады. Әрине, бұл – ел болу қағидаты емес. Заманауи қиындықтар тұсында тас түйіндей бірігіп, одан елдіктің күшімен өту кім-кімге де керек. Тышқаншылап, ұсақтап кету – әлсіздік. Осы тұрғыдан өзі көр­ген, сезінген дүниелерін көркем бейнеге айналдыра отырып, Әлібек те “Оян, ойлан, қазақ” деп тұрғандай. Өр Алтай ете­гіндегі елдің биіктікке емес, еңіс­ке қарап қалғанына қынжы­ласың. Сөйтіп, оқырманын қуан­та да, қынжылта да алған жазушы қаламының қарымына риза бо­ласың. 


«Егемен Қазақстан» газеті.




 
 
 

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры